Тоқаев Қырғызстан халқына алғыс айтты
t.me/aqorda_resmi
Су тасқынына байланысты айырқалпақты бауырлар қазақ еліне гуманитарлық көмек жіберді.
Мемлекет басшысы Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесіп, су тасқынына байланысты бауырлас елдің көрсеткен көмегі үшін Садыр Жапаров пен Қырғызстан халқына алғыс айтты, деп хабарлайды Altainews.kz сайтының тілшісі Ақорданың ақпаратына сүйеніп.
Сондай-ақ, бұл гуманитарлық көмек екі ел арасындағы шынайы достықты, тілеулестікті және тығыз одақтастық қарым-қатынасты білдіретінін атап өтті.
Мемлекеттер басшылары қазақ-қырғыз қатынастары барлық бағытта қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.
Әңгімелесу барысында президенттер сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективаларын талқылады.
Сонымен қатар тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібі бойынша пікір алмасты.
Қырғызстан Президенті жақын арада Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға ресми сапармен келетінін растады.