KZ
Өскемен
+21°
небольшая облачность жел 3 м/с, З
443.72 482.28 4.9

Сұлтанмахмұттың жүрегін жаулаған катонқарағайлық ару кім?

30.04.2024, 15:00 105 Мадина Амангелдіқызы

Халқымыздың белгілі ақын-жазушысы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылында біраз тұрып, мектепте сабақ бергені белгілі. Ол мұнда Алтай тауының бір ару қызына ғашық болып, қосыла алмай кеткен екен. Сол жайлы сыр шертейік.

Құстың тұмсығындай қысқа ғұмырында білім іздеген Сұлтанмахмұт Семей, Омбы, Троицк қалаларын, Алтай аймағының Катонқарағай, Күршім, Зайсан өңірлерін аралаған болатын. Әсіресе Катонқарағай  ауданы, Шыңғыстай ауылында өткізген бір жылы оның өмірбаянынан ерекше орын алады. Себебі мұнда Алтайдың бір сұлу аруы ақынның жүрегін жаулап, өшпес өкініштің ізін қалдырған екен.

Ал енді шежіреге тереңірек үңілейік... Социалистік Еңбек Ері, соғыс ардагері, атақты атгер Бошай Кітапбайұлының "Тоғыз таңбалы Найман" атты шежіресінің 1-кітабында ақынның ғашығы туралы деректерге сүйендік.

Қаратай еліндегі Әбдікерім болыстың Бағила, Бағдат атты екі қызы болыпты. Өзі сұлу, өзі әнші Бағила Сұлтанмахмұт Алтайға келгенде 17-ге шығып, толықсып отырған кезі. Ол кезде Сұлтанмахмұт жиырма бір жаста. Қыздың ақыл-ойы мен көркі ақынның жүрегін бірден жаулаған. Бозбала ғашықтығын жасырмаған да. Сол тұстағы ғашықтық өлеңдері түгелдей Бағилаға арналған.

Ақын жігітті болыстың қызы да ұнатқан деседі. Қыздың ұзатыларда қоштасу ретінде, әрі ақынға арнап айтқаны күні бүгінге дейін ел аузында екен. Өлең жолдарында ақын ағасына айтқан назы, әкесіне деген өкпе-реніші, өз тағдырына деген өкінішін байқауға болады.

Екеуінің арасындағы махаббат хикаясы әйгілі жазушы Оралхан Бөкейдің «Сарыарқаның жаңбыры» әңгімесіне арқау болғанын бірі білсе, бірі білмейді. «Ол əлі өзі ғана білетін, өзі ғана дейміз-ау, үшеуі ғана білетін, жұмбақты сыр. Əр үміттің түні бойы ұйықтатпай, беймаза ететін қиялды сəулелері иіндесе келіп, үлкен арманға, ыстық махаббатқа ұласқандай еді. Бір-бірін жан-тəнімен қиыла сүйетіні ашылмаса да, ауызекі сұхбаттасудан əлдеқайда күшті құдіретті сезім жеткізіп қойған. Бұл үнсіз сүйіспеншіліктері бой бермей билеп əкетсе, түбі неге апарып соғатынын, мына Бағиланың əкесі не дейтінін ойлаудың өзі аса сұмдық еді», – деп суреттеген жазушы қос ғашықтың сезімін.

Бағиланы бала кезінде атасы Ережеп қажы Шыңғыстай болысына қарасты Шүй бойындағы Уақ Бұқабай деген ірі саудагердің баласы Ақсолтанға бермек болып құдаласып қойған екен. Екі жастың арасындағы сезімді байқаған Әбдікерім қызын жедел ұзатып жібереді. Бағилаға ағасы Қаһан ғана шын қолдау көрсеткен.  Ол Уфадағы Ғалия медресесін үздік бітіріп, өз ауылы Шыңғыстайға келіп ұстаздық етіп жүрген. Қаһанның ақынға деген құрметі ерекше болған сияқты. Бірақ ол да дәстүрден аттап кете алмайды. Сол кезде ел аузында қалған Бағиланың айтқан зары: 

Жаз жайлауым – Қарасаз, Мұзбел, Татан,

Кешір жұртым ісімде болса қатем.

Әпекем алыс жерге бермес еді,

Атастырып кетіпті қажы атам.

Мұзбелдің мұзартынан шаң тұрмаған,

Қолыма сұңқар қонған саңқылдаған.

Сол сұңқарым қапыда ұшып кетіп,

Әпеке, мен болдым қаз қаңқылдаған.

Айта алмаймын өзгеге сырымды ашып,

Жақсыға болған еді көңіл ғашық.

Тым нәзік, үкілі үміт артта қалып,

Барамын қимастықпен мен қоштасып.

Әбдікерім болысты айналасы Әпеке деп атапты. Бұл жердегі Бағиланың айтып отырған сұңқары, ғашық болған жақсы адамы – Сұлтанмахмұт Торайғыров болса керек.

Бағила ұзатылғаннан кейін де Сұлтанмахмұтқа жүрекжарды өлең жолдарын жолдап жүрген. Оны мына өлең жолдарынан аңғаруға болады:

Кешірер серттен тайсам ақын аға,

Бодауға байланып тұр басым, аға.

Ілетін ақ сұңқарға қаз табылар,

Қанатым қайрылды деп жасыма, аға.

Көз жасын ағайынның аттай алмай,

Алтынға бақыр басты сақтай алмай.

Көз жұмып көрмегенге кетіп барам,

Топырағын туған жердің даттай алмай.

Жеткенше басым жерге сағынармын,

Мың мәрте суретіңе табынармын.

Аршыған жұмыртқадан арым таза,

Алдыңнан таңда мақшар табылармын.

Елін, жерін сағынып ішқұсамен күн кешкен Бағила екінші баласына босана алмай, дүниеден қайтыпты. Бұл Сұлтанмахмұт дүниеден өтетін 1920 жылдар шамасы деседі.

Міне, ақынның осылай өз басынан кешкен оқиғасы «Қамар сұлу» романының тууына себепші болған екен.

«Тоғыз таңбалы Найман» шежіресінде тағы мынандай қызықты деректі ескермей кете алмадық. Әбдікерім болыстың екінші қызы Бағдат та көрікті болыпты. Бозбала кезінде Сәрсен Аманжолов бойжеткенге сезімін білдірген екен. Бірақ Бағдат Петербург университетінің заң факультетін бітірген адвокат Ғазиз Қалбановқа деген уағдасынан қайта алмапты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив