KZ
Өскемен
+27°
ясно жел 2 м/с, ОБ
443.44 480.51 4.88

Жеңіс рекорды – 28 836

7.05.2024, 16:45 73 Айна Ескенқызы

Өскемендіктер бүгін 28 836 рет кеудені жерден көтеру (отжимание) жаттығуын орындады. Бұл жаттығу Отан қорғаушы күні мен Жеңіс күні мерекелеріне орай өткен Жеңіс рекорды спорттық-патриоттық сайысы аясында ұйымдастырылды.

«Ер есімі - ел есінде» атты мерекелік шараға салауатты өмір салтын ұстанатын қала тұрғындары мен жастар көп жиналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жарыс ережесі бойынша 18 жастан асқандар ғана қатысады дегенмен, өздерін сынап көргісі келген жасөспірімдерді де ешкім кеудесінен итермеді.

Рекордтық көрсеткіштің 28 836 болуы тегін емес. Соғыс аяқталған күннен бастап бүгінге дейін біз тура 28 836 күн бейбіт аспан астында өмір сүріп келеміз. Жарысқа қатысушылар бейбіт әр күн үшін бір рет кеудені жерден көтеруге тиіс.

Ал сайыс көрігін қыздыруға келген қыздарға планка жаттығуын орындауға рұқсат берілді. Сондай-ақ балаларға арналған жарыстар да болды.

- Біз өткенімізді ұмытпай, болашаққа жасампаздықпен қарауға тиіспіз. Қазақстан - бейбітшілік пен келісімнің отаны. Спорт жарыстары мен ортақ еңбек әрқашан адамзатты біріктіреді. Жастар спортпен айналысуы керек. Бүгінгі шара олардың бойында спорттық рухты, салауатты өмірге деген талпынысты қалыптастырады деп сенеміз, - деді сайысты ұйымдастырушы, Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының өкілі Владислав Артамонов.

Металлургтер мәдениет сарайының алдындағы алаңда өткен сайыста қатысушылар барын салып бақты. Қолынан әл кеткенше жаттығу жасап, бір-бірінен асып түсуге тырысты. Үздік нәтиже көрсеткендер арасында кеудені жерден 120 рет көтерген жігіттер болды.

– Біздің қалада осындай спорттық сайыстардың өтіп тұратыны қуантады. Өзім олардың ешбірінен қалмауға тырысам және бүгін осында кішкене қызым Софияны ертіп келдім. Кішкентай кезінен баламның спортқа деген қызығушылығын оятып, салауатты өмірге баулып жүрмін, - деді бүгінгі сайыста екінші жүлдені еншілеген Александр Шлижевский.

Бір қызығы әкесіне жанкүйер болып келген кішкентай София да шама-шарқынша жаттығу істеп, көптің қошеметіне бөленді.

С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенті Олжас Зарылханов кеудесін жерден 110 рет көтерді. Дегенмен жүлдеге сәл ғана жетпей қалды.

– Мен күреспен айналысамын, спорт шеберіне үміткермін. Спорттық жарыстар жинақы болуға тәрбиелейді, жігерлендіреді. Бүгін жолым болмады, келешекте жеңіске деген құлшыныспен дайындалып, шеберлігімді шыңдай түсемін, - деді Олжас Зарылханов.

Жеңіс рекорды спорттық-патриоттық сайысы қала әкімдігі мен спорттық клубтардың қолдауы арқасында өткенін айта кеткен жөн. Кеш  барысында Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының шығармашылық топтары өнер көрсетіп, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Фото: Валерий Шведов

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив