Қазақ фильмі Шанхай кинофестивалінде үздік деп танылды
Шанхайда 26-шы халықаралық Шанхай кинофестивалінің (SIFF) «Алтын кубогымен» марапаттау рәсімі өтті.
Қазақстандық «Талақ» фильмі «Үздік фильм» номинациясын алса, осы кинода басты рөлді сомдаған Амира Омарова үздік актриса атағын алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ақпаратына сүйеніп.
Айта кетейік, Шанхай фестивалі – «А» класына жататын он фестивальдің бірі. Ол 1993 жылдан бері өткізіліп келеді. Биылғы фестивальға 105 елден 3,7 мыңнан астам өтінім түскен.
Әлемнің үздік 14 фильмінен озып, «Алтын кубокты» алған «Талақ» фильмінің режиссері Данияр Саламат.
Режиссер бұл туындысын қазақтың көрнекті жазушысы Бейімбет Майлиннің "Талақ" және "Әже" шығармаларының желісімен таспалағанын мәлімдеді.
ҚР Мәдениет және спорт министірлігінің тапсырысы бойынша түсірілген картинаға "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" КЕАҚ қолдау көрсеткен.
XX ғасырдың 20-30 жылдарын көз алдыңа әкелетін тарихи көркем фильмге елді күштеп колхоздастырудың салдары, сол замандағы халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі өзекті мәселелері, әйел тағдыры арқау болған.
Туындыдағы басты рөлдерді қазақстандық белгілі актер Ерболат Әлқожа және жас актриса Амира Омарова мен желіде «Аёка crazy» ретінде танылған кішкентай актриса Аяна Бауыржанова сомдайды.