Өскемен мектептері жөнделіп жатыр
Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар жөндеу жүргізіліп жатқан бірнеше мектепке барып, жұмыс барасын бақылады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Мәселен, Меновное мектебі жөнделіп жатыр. Аталмыш білім мекемесінің кіреберісіне турникет орнатылды. Сондай-ақ нысанның жылыту жүйесі жаңартылып, спорт залы толық жөнделді.
Бұл мектепке 2020 жылы күрделі жөндеу жүргізілгенін айта кетуіміз керек. Ол кезде бейнекамералар, заманауи шамдар мен пластикалық терезелер орнатылып, шатыр жөнделіп, электр сымдары ауыстырылған еді.
Бұдан бөлек, №33 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мердігер ұйым өкілдері жұмысты аз уақытта аяқтауға уәде беріп отыр.