ШҚО тұрғындары коммуналдық төлемдерді бір түбіртекпен ғана төлейді
Қазпошта және коммуналдық төлемдер дегенде, көп адамның көз алдына қисапсыз квитанция елестейтіні жасырын емес. Одан әрі шақтап шешіп, қолыңа қысып ұстап келген қаражатты қай қызметке қалай және қаншадан төлеп үлгергеніңді аңдамай қалатын сәттер де кездеседі. Енді облыс орталығының тұрғындары осы бір қат-қабат қағаздардан құтылды десе де болады.
Жалпы біз жазып отырған майда да маңызды мәселесе көптеген әлем елдерінде әртүрлі жолмен шешіліп келеді. Аймақ басшысы Даниал Ахметов өткен жылы өскемендіктер үшін де бір жаңашылдық, тың жоба, тиімді жол керек екенін алға тартты. Облыс әкімінің қолдауымен «Қазпошта» АҚ-ның жергілікті филиалының операциялық басқару орталығы бірыңғай төлем құжаты түбіртегін енгізді. Ай сайын мекеме қызметкерлері 133 бірыңғай төлем құжаты түбіртегін абонеттердің пошта жәшігіне дейін жеткізіп береді. Сол себепті қала тұрғындарының тұрмысы біршама жеңілдеді деуге негіз бар. Енді бірнеше квитанциямен бірнеше ұйымға ақша төлеудің қажеті жоқ. Яғни тұрғындар алтын уақытын және комиссиялық шығындарға жұмсалатын қаражатын үнемдейді. Сондай-ақ бірыңғай төлем құжатының қызмет ұсынушыларға да тиімді жақтары бар. Кәсіпорындар хабарландыру шоттарын басып шығаруға және жеткізіп беруге кететін шығын көлемін қысқарта алады.
– Тұрғындар Post.kz сайтына тіркелу арқылы да бірыңғай төлем құжаты түбіртегін көріп, онлайн төлем жасай алады. Мұнда «Қазпошта» карталарының иелері үшін коммуналдық төлемдер комиссиясы ұсталмайды. Қазіргі уақытта БТҚ түбіртегін 9 компания қолдап отыр. Бұл жаңалықты абонеттер қуана қабылдады деуге болады. Өйткені әрбір қызмет көрсетуші кәсіпорынның түбіртегін күтудің қажеті жоқ. Бір ғана түбіртекпен барлық қызмет ақысын төлеп тастауға болады, – дейді қызметтерді енгізу секторының басшысы Әлия Килибаева.