Өскемендегі шошқа фермасына қатысты шу басылмай тұр
Өскеменнің іргесіндегі шошқа фермасына қатысты шу әлі де басылмай тұр. Соттың шешімімен ферманың қызметі тоқтатылуы тиіс еді. Бірақ осы күнге дейін ештеңе өзгерген жоқ деседі тұрғындар.
Бүгін Өскемен қалалық әкімдігінің өкілдері, құқық қорғау органдарының, ШҚО бойынша экология департаментінің қызметкерлері және БАҚ өкілдері Өскемен қаласының іргесіндегі Лесхоз ауылына барып, шошқаларды заңсыз өсіру және сою фактісі бойынша жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, ШҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 21 қарашадағы №6309-22-00-2/3005 шешімімен ШҚО бойынша экология департаментінің «Митин А.Б.» ЖК-ға талап-арызы негізінде Өскемен қаласының Шмелов Лог ауданындағы шошқа фермасының және Лесхоз кентіндегі сою цехының қызметі тоқтатылған болатын.
Алайда Лесхоз тұрғындары сот шешімінің орындалмағанын айтып, облыстық экология департаментіне сою цехына қатысты шаралар қабылдауды сұрап отыр.