ШҚО-дағы атышулы шошқа фермасы жабылады

Облыстық экология департаменті Степной кентіндегі «Родничок» ШҚ шошқа фермасы жабылатыны туралы мәлімдеді.
Естеріңізде болса, Өскемен қаласының және Глубокое ауданының тұрғындары шаруашылықтың қызметіне бірнеше мәрте шағымданған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Экологтардың айтуынша, өткен көктемде тұрғындардың өтініші бойынша «Родничок» ШҚ-ға қатысты ҚР экологиялық заңнамасының нормаларын сақтау тұрғысынан жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Соның нәтижесі мынау:Біріншіден, кәсіпорын қызметкерлері қалдықты ашық алаңға лақтыра берген. Топырақ жамылғысы соның кесірінен ластанған. Екіншіден, дөңес жерде орналасқан фермада нөсер кәрізі жоқ. Жауын-шашыннан кейін ластанған лай-батпақ еңістегі елді мекендерге ағып барады. Сондай-ақ кәсіпорын ассенизаторлық машинамен төккен шошқа шламы жер үсті және жер асты суларын ластаған.Экология департаментінің ақпаратына сүйенсек, шошқа фермасына 500 мың теңгеден астам айыппұл салынды.Өскемен бойынша мамандандырылған әкімшілік соттың шаруа қожалығының қызметін тоқтату туралы шешімі әлі күшіне енген жоқ. Шошқа фермасының басшылығы апелляциялық шағым бере алады. Алайда экологтар сот шешімі өзгеріссіз қалатынына сенімді.