Жаңа мектеп керек: Белоусовкада оқушылар спортзалда оқып жүр
Прапорщиково, Опытное поле және Белоусовка ауылдары – Глубокое ауданындағы халық ең тығыз қоныстанған елді мекендер. Бұл ауданның облыс орталығына тікелей жақындығымен байланысты.
Жыл сайын аталмыш кенттерде тұрғындар саны жоғары қарқынмен артып келеді. Алайда білім беру мекемелері балалар санының өсуіне орай, оларды білім ордасымен лайықты қамтамасыз ете алмауда, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Мәселен, Белоусовка орта мектебінің (суретте) жобалық қуаты 290 орындық болса, қазір онда 600 бала оқып жатыр. Мектептің тіпті спорт залдары да сыныпқа айналып, оқу сабақтарына бейімделген.
Енді қордаланған мәселені шешу үшін биыл соңғы 30 жылда алғаш рет ауылда 300 орындық мектеп құрылысы басталмақ.
Ал биыл Өскеменнің өзінде де бірнеше мектеп салынады. 2025 жылға қарай облыс орталығында барлығы 10 жаңа білім ордасын салу жоспарлануда.