ШҚО-ның барлық мектептерінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған ашық сабақ өтті
1-11 сынып оқушылары үшін "Тәуелсіздік жетістіктері" тақырыбында ашық сабақтар мен сынып сағаттары ұйымдастырылды.
Шығыс Қазақстанның 647 мемлекеттік және алты жекеменшік мектебінде педагогтар жас ұрпаққа Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойының маңыздылығы және Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттің қалыптасуы мен дамуындағы сіңірген еңбегі, егемендіктің 30 жылы ішіндегі еліміздің жетістіктері туралы айтып берді,
Өскемендегі А. Байтұрсынов атындағы №20 орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі Гүлім Сейтбекова екінші сынып оқушыларына ашық сабақ өткізді. Ол балаларға Тәуелсіздік – елдің басты құндылығы, сондай-ақ, мемлекет қандай жетістіктерге қол жеткізгені туралы айтып берді.
– Қазақстан үлкен жолды бағындырды. Бірқатар реформалар енгізілді. 1991 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды. Сол жылы тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты. 1992 жылы Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері – егемендігіміздің мызғымас негіздері қабылданды. Келесі жылы айналысқа Тәуелсіздіктің тағы бір атрибуты – ұлттық валюта енгізілді. 1994 жылы елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Кейін ол Астана деп аталды. Аз уақыттың ішінде елорда танымастай өзгерді, – дейді Гүлім Сейтбекова.
Сондай-ақ, ол оқушыларға 2011 жылы Қазақстанда VII Қысқы Азия ойындарының өткізілетіні туралы айтып берді. Сол кезде қазақстандық спортшылар 70 медаль, оның ішінде 32 алтын жеңіп алды. Келесі жылы Қазақстан әлемнің бәсекеге қабілетті 50 экономикасының қатарына енді. Ашық сабақ барысында балалар ең маңызды және ауқымды іс-шаралардың бірі - халықаралық, мамандандырылған EXPO көрмесін талқылады. 2017 жылы Қазақстан ТМД-да оны өткізген алғашқы ел болды. Сол кезде көрмеге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты. Көрменің тақырыбы жасыл энергия болды. Сонымен қатар, педагог оқушыларға Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қандай жұмыс жүргізіп жатқаны туралы айтып берді.
Оқушылар ашық сабаққа үлкен қызығушылықпен қатысып, өз әсерлерімен бөлісті.
– Маған бұл сабақ өте ұнады. Ұстазымыз еліміздің қалыптасу тарихындағы жетістіктері туралы айтып берді. Біз көп нәрсені білдік. Мен елордамыз Нұр-Сұлтанда болдым. Ол өте әдемі қала, бәрінен бұрын маған Бәйтерек ұнады, – деп өз әсерімен бөлісті №20 орта мектептің екінші сынып оқушысы Арсен Қалиев.
Оқу жылы бойы облыс мектептерінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған түрлі іс-шаралар жоспарланған.