Әскери ант қабылдаған сарбаз сүйіктісіне сөз салды – ШҚО
Облыс орталығында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 6699 әскери бөлімінде жас сарбаздардың ант қабылдау рәсімі өтті. Абай, Алматы, Павлодар облыстары мен Астанадан келген екі жүзге жуық жас Отан алдындағы парызын адал орындауға ант берді. Алайда салтанатты шара барысында тосын әрі жүректі тебірентетін оқиға қуаныштарын еселей түсті, деп хабарлайды Altainews.kz.
Павлодар облысынан келген қатардағы жауынгер Махамбет Айтжан саптық алаңның ортасына шығып, сүйіктісі Айсананы шақырды да, көпшіліктің көзінше өмірлік серігі болуын сұрап, сөз салды.
Толқыған жүрекпен «Иә!» деп жауап берген Айсанаға жиналғандар қошемет көрсетіп, құттықтады. Жауынгерлік ант пен шынайы сезімнің үйлесімі сол сәтте көрермендердің жүрегін елжіретті.
Айсана бұл сәттің өмір бойы есте қалатынын айтып, қуанышын жасырмады.
Сонымен қатар салтанатты рәсімде сыныптастар да қатардағы сарбаз атанды. Алматы облысы Жамбыл ауданы Қайназар ауылының №2 мектебінің үш түлегі – Дінмұхамед, Дарын, Нұрқанат бір сыныптан бір сапқа тұрып, әскери қызметке аттанды.
Енді осы жас сарбаздар бір жыл бойы Өскемен қаласындағы түзеу мекемелерін күзетіп, Отан алдындағы борышын абыроймен атқаратын болады.
Бұл күні әскери ант қабылдау рәсімі тек борышқа берілген сөз емес, шынайы сезімнің, достықтың, адалдық пен батырлықтың көрінісіне айналды. Салтанатты сәттер мен шынайы эмоциялар – жас сарбаздардың жүрегінде мәңгі сақталатын есте қаларлық күн болды.
Фото: «Шығыс» ӨҚ баспасөз қызметі






