ШҚО полицейлері із-түссіз жоғалған азаматтарды іздестіруді жалғастыруда
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі із-түссіз жоғалып кеткен екі тұрғынды іздестіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп жатқандарын мәлімдейді. Бүгінде жергілікті құқық қорғау қызметі Риддер қаласының маңындағы аумақтарға және Алтай қаласына жақын аудандарға мұқият тексеріс жүргізуде, деп хабарлайды Altainews.kz сайтының тілшісі.
Іздестіру жұмыстары елді мекендермен қатар, орман алқаптарын, таулы аймақтарды, қараусыз қалған ғимараттар мен жыраларды, өзен жағалауларын және саяжай аумақтарын қамтиды. Әсіресе, жоғалған азаматтар бұрын көзге түскен жерлер мен жасырынып қалулары мүмкін делінген орындарға ерекше көңіл бөлінуде. Іздеу барысында полиция қызметкерлері әуеден бақылау үшін дрондар ұшырып, ал баруға қиын жерлерді шолып шығуға қызметтік иттерді пайдаланып, құтқарушылармен, әскери қызметшілермен, еріктілермен бірлесіп жұмыс жүргізуде.
Іздеу жарияланған азаматтардың бірі – 1982 жылы туған Иван Ушаков. Оның жиенінің айтуынша, ол 14 наурыз күні таңғы сағат 08:00 шамасында үйінен шығып кеткеннен кейін, қайда кеткені белгісіз.
Иван Ушаковтың ерекше белгілері: бойы шамамен 180 см, арық денелі, шашы мен сақалы – қызғылт қоңыр, көзі – ашық жасыл түсті. Үстінде қара күрте, қою сұр бас киім, сұр шалбар және қара спорттық аяқ киім болған.
Сондай-ақ, 2024 жылдың 9-қарашасында үйінен шығып кетіп, содан бері оралмаған Александр Воробьёвты да іздестіру жұмыстары жалғасуда. Сол күні оның үстінде қара түсті күрте, қара бас киім, камуфляж шалбар және жасыл резеңке етік болған.
Осы орайда облыстық Полиция департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарын аталған жайтқа бей-жай қарамай, іздестіру жұмыстарына атсалысуға шақырады. Сондықтан егер Иван Ушаков немесе Александр Воробьёв туралы қандай да бір ақпаратыңыз болса, дереу 102 нөміріне хабарласыңыз. Кез келген мәлімет маңызды болуы мүмкін.
Полиция қызметкерлері іздестіру жұмыстарына белсене қатысып жатқан барлық азаматтарға алғыс білдіреді.
Фото/видео: ШҚО ПД


