Өскеменде жаңа сауда ойын-сауық орталығы ашылды
Өңір орталығында бір мезетте 25 мыңға дейін келушіні қабылдай алатын, аймақтағы ең ірі сауда ойын-сауық кешені ашылды. Жалпы аумағы шамамен 140 мың шаршы метрді құрайтын нысан – соңғы жылдардағы Шығыс Қазақстан облысындағы ең ауқымды инфрақұрылымдық жобалардың бірі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Салтанатты ашылу рәсімінде тұрғындарға дүкендер мен бутиктердегі жеңілдіктерден бөлек, байқаулар, сыйлықтар мен интерактивті бағдарламалар ұсынылды.
Жаңа екі қабатты нысан тек сауда жасау орны ғана емес, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған демалыс пен кездесудің толыққанды орталығына айналды. Кешен жаңа жұмыс орындарын ашылуына, шағын және орта бизнес өкілдері мүмкіндігін кеңейтуге жағдай жасап, сондай-ақ қаланың және өңірдің инвестициялық тартымдылығын айшықтай түсті.
Жаңа орталық ЖМК аумағында (Қаныш Сәтбаев даңғылы, 51) орналасқан. Мұнда заманауи кинотеатр, кең фуд-корт, балалар аймағы, супермаркет, мейрамханалар, бутиктер, электроника дүкендері, банкоматтар, автотұрақ, бірнеше кіруге және шығуға арналған есіктер бар. Отбасылар үшін жайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген. Ана мен балаға арналған заманауи әрі ыңғайлы бөлме жабдықталған (баланы тамақтандыруға арналған орындар, жөргек ауыстыратын, баланы жылы сумен жуатын жер, демалыс аймағы).
Жаңа орталықта бірнеше шығатын есіктер пен санитарлық тораптар қарастырылған, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналғаны да бар. Қалалықтарға ыңғайлы болу үшін дүкендер 10:00-ден 22:00-ге дейін, ал фуд-корт 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Заманауи орталықтарға тән мұнда да эскалаторлар орнатылған.
Ашылуға келген тұрғындар мұндай орталықтың қаланың көркін келтіріп, отбасылық демалыс үшін жаңа орындар пайда болғанын атап өтті.
Жақын уақытта кешеннің айналасында қосымша инфрақұрылым жұмыстары жүргізіледі. Жол айрығы мен жаяу жүргіншілер өткелін жақсарту, көліктердің қозғалысына ыңғайлы жағдай жасау және жаңа қоғамдық кеңістіктер құру көзделуде.
Авторы: Дамир Омаров
Фото: Жібек Нұрахмет
Видео: Жәнібек Ырысбай















