KZ
Өскемен
+3°
переменная облачность жел 6 м/с, ОШ
495.1 583.72 6.46

Самар ауданының шығармашылық ұжымдары Өскеменде концерттік бағдарлама ұсынды

3.10.2025, 22:30 229 Базарова Айгүл

Өскеменде «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында облыстық филармония фойесінде мәдени мұра мен зергерлік өнер көрмесі өтіп, Самар ауданының шығармашылық ұжымдары концерт қойды. Көрмеде аудан тұрғындарының қолөнер бұйымдары ұсынылды, ал музыкалық композициялар туған жерге және жерлестерге арналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«Бүгін біз «Туған жер – алтын бесігім» акциясы аясында Өскеменде Самар ауданын таныстырып жатырмыз. Бұл – шеберлердің қолөнер бұйымдары, ұлттық киімдер, тоқыма ойыншықтар және аудан суретшілерінің көрмесі. Сонымен қатар, «Самарым – шаттық мекенім» атты ауқымды концертімізбен келдік. Ал ертең Самар ауданынан келген тауар өндірушілер жәрмеңкеде өз өнімдерін ұсынады», – деді Самар ауданы әкімінің орынбасары Мұрат Байжүменов.

Көрмеге қойылған тоқыма ойыншықтар қалалықтардың ерекше қызығушылығын тудырды. Қолөнер шебері Светлана Былинкинаның айтуынша, бұл жай ғана аюлар мен қояндар емес, балаларды оқытуға арналған материал. Мысалы, тоқыма тұшпаралардың көмегімен балаларға санауды үйрену әлдеқайда қызықты әрі көңілді.

«Мен мектептен бері тоқыма тоқимын. Маған өз ісім өте ұнайды. Бұл – менің өмірім. Сондықтан еңбегіңді бағалап, тұрғындардың қызығушылық танытқаны ерекше қуантады», – деді Светлана Былинкина.

Самар ауданы шығармашылық ұжымдарының концертіне келген көрермендерден ине шаншар жер болмады. Бүгін мұнда Абай Құнанбаевтың әндері шырқалып, өлеңдері әуезбен әрленді. Шынайы да әсерлі композициялар арқылы көрермендер ақынның туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігін тереңірек сезінді.

«Маған концерт өте ұнады. Көп адам жиналғандықтан, маған орын жетпей, тұруға тура келді. Бірақ келгеніме өкінбеймін. Ең бастысы – ұлы ақынымыз Абайдың өлеңдеріне жазылған әндерді тыңдай алдым», – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Талғат Тілеубергенов.

Еске сала кетейік, алдағы сенбі, 4 қазанда, облыс орталығында дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Онда Самар ауданының шаруалары өз өнімдерін ұсынып, тұрғындарға жергілікті өндірістен шыққан жаңа әрі қолжетімді тауарларды саудалайды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңке ұсынатын өнім қатары сан алуан – ет пен сүттен бастап көкөніс, бал және үйде дайындалған тосаптарға дейін.

Жәрмеңке Өскемен қаласында «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығы алдында (мекенжайы: Жібек Жолы көшесі, 44) сағат 8:00-де басталады.




Авторы: Дмитрий Чжан

Видео: Жәнібек Ырысбай

Фото: Александр Шушеньков












Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу