KZ
Өскемен
-5°
туман Штиль
508.3 592.17 6.63

«Әр қазақ оқуға тиіс 100 кітап»: Шығыстың қаламгерлері

15.10.2025, 09:00 216 Базарова Айгүл

Қазақстанда үш ай бойы «100 кітап» атты жалпыұлттық сауалнама жүргізілді. 100 мыңнан астам азамат қатысып, өз сүйікті туындыларына дауыс берді. Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған бұл жоба қоғамды кітап оқуға ынталандыру, әдеби мұраны дәріптеу мақсатын көздеді. Сауалнама нәтижесінде оқырмандар мен әдебиеттанушы сарапшылардың пікірі ескеріліп, қазақ және әлем әдебиетінің озық үлгілерінен құралған үздік 100 кітаптың тізімі жасақталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Осы таңдауда Шығыс Қазақстаннан шыққан қаламгерлердің шығармашылығы да ерекше бағаланып, олардың еңбектері «Әр қазақ оқуға тиіс 100 кітап» тізіміне енді. Бұл туындылар ұлттық руханият пен мәдени құндылықтар жүйесінде маңызды орынға ие болды.

Тізімге енген шығармалар — тек көркем сөз үлгісі емес, қазақ халқының жан дүниесін, дүниетанымын, табиғатқа, адамға, туған жерге деген ерекше сүйіспеншілігін көрсететін рухани құжат. Шығыс қаламгерлерінің шығармалары осы құндылықтарды шынайы суреттейді.

Осы орайда, «Әр қазақ оқуға тиіс 100 кітап» тізіміне енген шығысқазақстандық қаламгерлер мен олардың таңдаулы туындыларын назарларыңызға ұсынамыз.

Асқар Алтайдың «Көзжендет» пен «Алтай новелласы» атты көркем туындылары — жазушының тілдік шеберлігін, философиялық ой тереңдігін айқын танытатын шығармалар. Бұл еңбектерде табиғат пен адам арасындағы үйлесімділік, ұлттық болмыс пен заманалық сұрақтарға жауап іздеу тақырыптары көркемдік тұрғыда зерделенеді. Жазушының прозалық мұрасы қазіргі қазақ әдебиетінің идеялық-көркемдік аясын кеңейтуде маңызды рөл атқарады.

Оралхан Бөкей — Шығыстың ұлы перзенті. Оның «Қайдасың, қасқа құлыным» атты повестер мен әңгімелер жинағы жылдар өтсе де өзектілігін жойған емес. Оралхан шығармаларынан табиғатпен етене өскен адамның жан әлемін, арманын, күйзелісін, өмірге өкпесі мен махаббатын анық көреміз. Бұл туындылар оқырманын терең ойға жетелеп, рухани жаңғыруға шақырады.

Сары күздің мұңын, қара орманның сыбырын кейіпкер тағдырымен сабақтастыра білген Қалихан Ысқақ — қазақ прозасындағы нәзік лиризмнің шебері. «Қоңыр күз еді» мен «Қара орман» шығармаларында адам жанын табиғат құбылыстары арқылы сезіндіру — автордың ерекше стилі. Әр сөйлемі — тыныштықтағы ой, әр кейіпкері — өмірдің өзінен алынған шындық.

«Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» атты туындысында жазушы Әлібек Асқар туған жерге деген сағыныш пен сүйіспеншілікті көркем тілмен жеткізеді. Бұл шығарма әр оқырманның жүрегінде туған өлкенің қадірін сезінуге, ұлттық болмысқа бойлауға себепкер болары сөзсіз.

Марат Қабанбаев – ұрпақ тәрбиесін ту еткен қаламгер. Балалар мен жасөспірімдер әдебиетінің ірі өкілі Марат Қабанбаевтың «Қазақ, қайда барасың?» атты туындысы – қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелер мен ұлттық болмыс жайлы ой қозғайтын, терең мазмұнды шығарма. Оның туындылары жас ұрпаққа бағыт-бағдар беретін, рухани негізін қалыптастыратын дүниелер ретінде бағаланып отыр.

Жазушылардың еңбектерінің «Әр қазақ оқуға тиіс 100 кітап» қатарына енуі — олардың шығармашылығының мәңгілік құндылығын дәлелдейді. Бұл — олардың қаламынан туған туындылардың тек бір дәуірдің шындығын емес, күллі қазақ халқының рухани болмысын, мәдениеті мен дүниетанымын терең бейнелегенін көрсетеді.



Жайна Сыранова

Фото: Мади Ахметов



Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу