Таңдаулы 100 кітап: оқырмандар сүйікті отандық авторларын анықтап жатыр
Елімізде отандық авторлардың ең үздік 100 кітабын анықтауға бағытталған жалпыұлттық сауалнама жалғасып жатыр. Бұл бастама кітап оқу мәдениетін арттырып, қазақ әдебиеті мен баспа ісін қолдауға арналған. Осыған орай Пушкин атындағы ШҚО кітапханасында Amanat партиясы өкілдерінің қатысуымен арнайы танымдық шара өтті, деп хабарлайды Altainews.kz.
23 сәуір мен 23 шілде аралығында EGov.kz платформасында онлайн түрде өтіп жатқан сауалнаманың басты мақсаты — қазақстандық авторлардың шығармаларын кеңінен насихаттау, жастар мен оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру.
Іс-шара барысында қатысушыларға электронды үкімет порталындағы сауалнамаға қатысу тәртібі түсіндіріліп, соңғы жылдары сұранысқа ие болған отандық қаламгерлердің кітаптарына шолу жасалды. Сонымен қатар қонақтар отандық әдебиеттің қазіргі даму тенденцияларын талқылап, қоғамда кітап оқу мәдениетін нығайтудың жолдары туралы пікір алмасты.
Шара кітапхана мен партия өкілдерінің бірлескен жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Кітапхана мамандарының айтуынша, мұндай бастамалар әдебиетке жанашыр жұрттың белсенділігін арттырып, қазақ қаламгерлерінің шығармаларын жаңа буын оқырманға жақындата түседі.



