Шемонаиха ауданында су жүйелерін жаңарту жұмыстары бақылауға алынды
Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданындағы «Железнодорожник» шағын ауданында сумен жабдықтау желісін қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен «AMANAT» партиясының облыстық филиалының жұмыс тобы танысып, жобаның іске асырылу жағдайын тексерді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мониторинг жұмысына облыстық филиал төрағасының міндетін атқарушы Аманбай Нұркенов, партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Болатбек Закимов, Шемонаиха аудандық филиалының төрағасы Анастасия Тиц, аудандық мәслихат төрағасы Григорий Акулов, «Асипов» ЖШС-нің ПТО инженері Руслан Асипов, сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Сұңғат Аманбеков пен құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ельдар Темірбеков қатысты.
Қазіргі таңда «Железнодорожник» шағын ауданындағы негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған. Путейская, Бабушкина, Вокзальная, Совхозная, Дальняя және Юбилейная көшелерінде жалпы ұзындығы 2,4 шақырым су құбыры тартылып, 60 құдық орнатылған. Су жүйесі қысымын тексеру сынақтары өткізіліп, тазарту шаралары жүргізілген.
Жоба толығымен дайын болғанымен, кейбір ұйымдастырушылық мәселелер — атап айтқанда, жер учаскесіне актінің ресімделмеуі және абоненттер базасының болмауы — нысанды толық пайдалануға беруді кешеуілдетіп отыр. Бұл мәселені шешу үшін жыл соңына дейін қажетті құжаттарды рәсімдеу жоспарланған.
Жұмыс тобының мүшелері тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту және су желілері өтетін жерлерге қатысты рәсімдеу ісін жеделдету жөнінде ұсыныстар берді. Аталған тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауда болады.
Облыстық жұмыс тобының жетекшісі Аманбай Нұркенов бұл жобаның аймақ тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтті:
Шығыс Қазақстан облысында мұндай жобалар өңірдің әлеуметтік дамуына серпін беріп, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған. Алдағы уақытта да жауапты мамандар мен қоғам өкілдері сумен жабдықтау жүйелерінің сапалы әрі уақтылы іске қосылуына тұрақты түрде назар аудармақ.




