KZ
Өскемен
-22°
плотный туман Штиль
499.76 521.7 5.63

Халық игілігі үшін: Жаңа мектеп пен амбулатория салынып жатыр

18.02.2025, 15:00 448 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстан облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мұхтар Төлеген Шемонаиха ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан басшысы Дидар Кеңесбаевпен және мәслихат депутаттарымен бірге әлеуметтік нысандардың құрылысын бақылау мақсатында мониторинг жүргізді, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Комиссия мүшелері ең алдымен Шемонаиха қаласында салынған жаңа 300 орындық мектепке барды. Партия өкілдері сынып бөлмелерін, спорт залын, АӘД кабинетін, асхананы, акт залын, еңбекке баулу және робототехника кабинеттерін аралап, балалардың ойын және даму бөлмелерінің жабдықталуын тексерді. Қазіргі уақытта құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.

Кейін комиссия мүшелері Волчанка ауылына барып, ауылдық округ әкімі Ботакөз Сикпаевамен бірге ауылдық дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстарының барысын қарады. Ғимараттың қабырғалары толық тұрғызылып, шатыр орнату жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі таңда құрылыс алаңында 5 маман жұмыс істеуде.

«Әлеуметтік нысандардың сапасын бақылау – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі. Сонымен қатар өңірде алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық барысына ерекше көңіл бөлдік. Жол картасын сапалы орындау, құрылыс жұмыстарын бақылау және төтенше жағдайларға алдын ала дайын болу – біздің басты басымдықтарымыз. Бақылау жұмыстары жалғасады», - деп атап өтті Шығыс Қазақстан облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мұхтар Төлеген.

Сондай-ақ жиында Шемонаиха ауданы әкімінің азаматтық қорғаныс және мобилизациялық даярлық жөніндегі басты инспекторы Сағдат Келдиев су тасқынына дайындық барысы туралы баяндама жасады. Аудандық және мемлекеттік органдарға, аумақтық бөлімшелерге Жол картасының сапалы орындалуын қамтамасыз ету, құрылыс нысандарына бақылауды күшейту, сондай-ақ мүмкін болатын су тасқыны жағдайларына толық дайын болу жөнінде ұсыныстар берілді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу