Шемонаиха ауданында 60 жоба іске асырылады
Фото: Шартты сурет
Биыл Шемонаиха ауданында жалпы сомасы 4,2 млрд теңге көлеміндегі 60 жоба іске асырылады деп жоспарланып отыр.
60 жобаның ішінде 29 мәселе ақпараттық–түсіндіру топтары аясында қабылданған, бұған 2,26 млрд теңге жұмсалмақ. Яғни қаржы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол-көлік инфрақұрылымы, интернет, денсаулық сақтау салаларындағы мәселелерді шешуге бағытталады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұл туралы аудан әкімі Григорий Акулов айтты.
Сонымен қатар аудан ауылдарында да біршама жоба жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, Первомайский кентінде балалар алаңы, көше жарықтандыру құрылғысы және ҚТҚ контейнері орнатылады. Кентте сумен қамтамасыз ету, демалыс орталығына су тарту, сумен қамту және электрмен жабдықтау желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Биыл көпірлерді де назардан тыс қалдырмақ емес. Аудан әкімінің айтуынша, Рулиха ауылындағы Таловка өзені арқылы өтетін көпір және Березовка ауылындағы көпірлер жөнделеді.
Былтыр ауданда жалпы сомасы 1,5 млрд теңге құраған 58 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылған екен. Оның 382 млн теңгесі ақпараттық-түсіндіру топтары отырыстарында тұрғындардан қабылданған 13 мәселені шешуге жұмсалған. Аталған шаралар қатарында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол-көлік инфрақұрылымы, білім беру сынды сала мәселелері бар.