Инженерлік ой мен инновацияның тоғысында: Шығыстың техникалық университеті өткен оқу жылын қорытындылады
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында еліміздің экономикалық қуатын арттырудың басты тетігі — сапалы инженерлік кадрлар екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Бұл бағытта мемлекет индустрия мен ғылымның байланысын күшейтіп, жоғары оқу орындарының жауапкершілігін арттырып келеді. Осы саясат аясында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті атқарылып жатқан жұмыстың қорытындысын жариялап, өз қызметінің негізгі бағыттарын қоғам назарына ұсынды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Брифингке мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, серіктес кәсіпорындар, БАҚ және академиялық қауымдастық өкілдері қатысты. Ректор Сәуле Рахметуллина өз есебін «ШҚТУ – инженерлік білім берудің, тұрақты даму мен цифрлық инновациялардың көшбасшысы» тақырыбында ұсынды.
Баяндаманың деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың қорытындысы бойынша университетте 6 518 студент білім алған, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 7 524-ке жеткен.
Шетелдік студенттер саны да артып келеді. Егер 2022 жылы олардың саны 70 болса, 2024 жылы – 181, ал жаңа оқу жылында 16 елден келген 215 студент білім алуда.
Соңғы үш жылда университеттің ғылыми жобаларының қаржыландыру көлемі үш есеге артқан. Ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардан түскен табыс ғылым бюджетінің 33 пайызын құрап отыр.
2024-2025 жылы университетте Қазақ-неміс ғылым және технология институты құрылып, «Алтай» технопаркі қайта жаңғыртылды. Мұнда жас ғалымдар мен студенттер практикалық жобалармен айналысып, аймақтың өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған зерттеулер жүргізуде.
ШҚТУ цифрландыру және жасанды интеллект бағытындағы жобаларды жүйелі түрде іске асырып келеді. «Цифрлық кампус» жобасы аясында прокторинг жүйесі, студенттерге арналған Telegram-бот, iGPA модулі және жасанды интеллектке негізделген аналитикалық платформалар енгізілді.
Университетте «Industrial AI» құзыреттер орталығы ашылып, өнеркәсіпке арналған интеллектуалды шешімдер әзірленуде. Ал жасанды интеллект бағытындағы жаңа бағдарламалар шетелдік серіктестермен бірлесіп енгізілген.
Университет экологиялық саясатты жүйелі түрде ілгерілетіп келеді. ШҚТУ UI Green Metric халықаралық рейтингі бойынша Қазақстанда 1-орынды және әлемде 97-орынды иеленді.
Германия Елшілігінің қолдауымен ашылған Александр фон Гумбольт атындағы орталық экология және климаттық инновациялар саласында халықаралық зерттеу алаңына айналған.
ШҚТУ әлемдік QS рейтингісінде топ-1000 қатарына еніп, 984-орынға жайғасты және QS Stars жүйесі бойынша 4 жұлдыз иеленді. Times Higher Education Interdisciplinary Science Rankings 2025 нұсқасы бойынша Қазақстанда 1-орынға шықты.
Брифинг барысында индустриялық серіктестер мен қоғам өкілдері де сөз алды. «Казцинк» компаниясының атқарушы директоры Тұрарбек Әзекенов ШҚТУ түлектері өндірістерінде нақты нәтижемен жұмыс істейтіндішін жеткізді.
Есептік кездесуге келген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы да пікір білдірді.
Жоғары оқу орынның 2025 жылға арналған стратегиялық басымдықтар қатарында білім, ғылым және индустрия интеграциясын тереңдету, өңірдің инновациялық экожүйесін дамыту, халықаралық әріптестікті кеңейту және SMART Driving Technology орталығын ашу жоспарланған.
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің биылғы есебі елдің білім және ғылым жүйесінің даму логикасымен тығыз байланысты. Университеттің бағыттары – цифрландыру, жасыл экономика, инновация және ғылым – Президент белгілеген ұлттық басымдықтармен үйлесіп отыр.
Жоғары оқу орынның дамуы – тек білім саласының табысы емес, бұл – елдің инженерлік әлеуетінің көрсеткіші. Олар жасаған әр қадамның түпкі мақсаты – Қазақстанның өркендеуі.









