ШҚТУ-дың Германия тарапымен ынтымақтастығы 3 бағытта жүргізіледі
Фото: akorda.kz
Өскемен қаласында Қазақстан-Германия ғылым және технология институты ашылады.
Бұл туралы екі ел басшылары қатысқан Қазақстан-неміс университеттері ректорларының форумында айтылды, деп хабарлайды Altaynews Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің қатысуымен өткен Қазақстан-неміс университеттері ректорларының форумы аясында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті және Қазақстан-Германия университеті металлургия және тау-кен ісі саласында ғылым және технология институтын ашу туралы негіздемелік келісімге қол қойды.
Келісім бойынша Металлургия және пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы ғылым және технологиялар институты құрылып, инженерия саласындағы үздік неміс тәжірибесі елімізде қолға алынбақ. Жоба еліміздің Шығыс өңірін өркендетуге, әл-ауқатын және орнықты дамуын жүзеге асыру үшін зерттеулер, білім және инновация «білім үштігіне» негізделген платформа құруға бағытталған.
Металлургия және пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы институттың құрылуы ел ғылымын және технологияларын дамытудағы, сондай-ақ екі ел арасындағы достық қатынастарды нығайтудағы маңызды қадам болып отыр.