Өскеменде инженерлік білім берудің мәселелері талқыланды
Өскеменде бас қосқан Қазақстан, Сингапур, Малайзия, Корея, АҚШ, Ұлыбритания, Ресей инженерлік-техникалық жоғары оқу орындарының өкілдері заманауи инженерлік білім берудің негізгі мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өскемен әлемнің ақпараттық технологияларды, жасанды интеллектіні және өндірістік процестерді автоматтандыруды жаппай енгізуге негізделген озық оқу орындарымен тәжірибе алмасудың орталығына айналып келеді. Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да «Engineering Education: Challenges, Trends, Best Practices» тақырыбында халықаралық конференция өтуде.
Қазір Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ инженерлік білімді дамытуда CDIO (Conception – Designing – Implementing – Operating) бағдарламасын құрастыруда. CDIO инженерлік білім беру жүйесін толыққанды өзгертуі мүмкін.
Бұл конференция қазіргі заманғы инженерлік білім берудің негізгі мәселелерін – білім беру үдерісіне және оқытуға инновациялық технологияларды енгізу, бағдарламалардың практикаға бағдарлануы, инженерлік білім беруді стандарттау, сертификаттау және аккредиттеу мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді.
Қарапайым тілмен айтқанда, CDIO халықарылық стандарты инженерлерге дайын инженерлік құрылымды зерттеп, оны қолданып үйренуді емес, керісінше отандық инженерлердің өз өнімдерін жасап, оны қолданысқа енгізуді көздейді. Қазір ШҚТУ барлық оқыту бағдарламаларын студенттер өз жобаларын ойлап, құрастырып, қоданысқа енгізе алатындай өзгертіп жатыр.
Айта кету керек, конференцияның екінші бөлімі 14-16 қазанда Малайзиядағы Мара технологиялық университетінде жоғары білім берудегі трансформацияларды басқару және стратегия жөніндегі халықаралық симпозиум аясында өтеді.
Ақерке Рағызбаева
Фото: Ермек Жиенбеков