ШҚТУ – болашаққа жол ашады
Шығыс Қазақстан техникалық университеті – әлемдік деңгейдегі ғылыми-зерттеу орталықтары бар, озық үлгіде инженерлік білім беретін оқу орны.
ЖОО серіктес кәсіпорындармен бірлесіп, CDIO халықаралық стандарттары негізінде инженерлік кадрларды тәжірибеге бағдарлай отырып даярлайды. Мұндай тәжірибе Орталық Азияда жоғары оқу орындарында бұрын соңды болмаған. Ал қазір университет ұжымы халықаралық стандарттарға негізделген техникалық білім берудің ұлттық моделін әзірлеп жатыр, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Сапалы білім Серікбаев атындағы университеттің беделін асырды. Бүгінде бұл ЖОО-ға еліміздегі талапкерлер ғана емес, шетелдік студенттер де қызыға қарайды. Қазір мұнда әлемнің сегіз елінен жиналған жастар білім алып жатқанын айтуымыз керек.
ШҚТУ Германия, Польша, Венгрия және Ресей университеттерімен қос дипломдық бағдарламаларды жүзеге асырады. ЖОО-ның білім беру бағдарламалары халықаралық аккредиттеуден өткен және дипломы шетелдерде танылды.
ШҚТУ әлемдегі ең беделді үш рейтингінің бірі – QS World University Rankings (51 түрлі пән және 5 пәндік сала бойынша бағаланатын жалпы және пәндік рейтингтерді қамтиды) рейтингісінде төрт жұлдызға ие.
ЖОО экологиялық бағытты да назардан тыс қалдырған емес. Green metric рейтингінде Қазақстан бойынша тұрақты көшбасшы. Ал биыл әлемдегі үздік жүз университет қатарынан көрінді.
Сондай-ақ университет әлемнің жоғары оқу орындарының THE Impact жаһандық рейтингінде (ЖОО-ларды БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына сәйкес бағалайды) жоғары бағаға ие.
ШҚТУ Германияның жоғары оқу орындарымен бірлесіп қазақ-неміс ғылым және технологиялар институтын құрды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ШҚТУ базасында тау-кен металлургия саласын дамыту орталығы құрылады. Сондай-ақ университет базасында «Цифрлық университет моделі» жасалып жатыр. Бұл модель кейінірек еліміздің жоғары оқу орындарына трансляцияланады.
Биыл ШҚТУ «Энергетика» бағыты бойынша Өскемен ЖЭО базасында филиал ашты. Бұл студенттердің кәсіби дағдыларын дамытатын дуальды оқытудың негізгі элементі болмақ.
Желтоқсан айында университетте «Лу Бань атындағы шеберхана» ашылды. Мұнда «Көлік, көлік техникасы және технологиялар» бағдарламалары бойынша білім беріледі. Қазақстан мен Қытай арасында шеберхана құру туралы мемлекеттік деңгейде келісім жасалып, қол қойылды.
ШҚТУ – дәстүр мен инновация тандемі, интеграцияланған білім, ғылым және индустрия арқылы жоғары технологиялық болашаққа жол ашады.