ШҚТУ-да елдегі инженерлік білімінің жаңа тұжырымдамасы талқыланды
t.me/gylym_jogary_bilim
Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында инженерлік білім саласындағы оқу-әдістемелік бірлестіктің «ҚР Инженерлік білімін дамыту тұжырымдамасы» тақырыбында кеңейтілген көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Оған ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова, ҚР техникалық жоғары оқу орындарының ғалымдары, сондай-ақ өнеркәсіптік компаниялардың өкілдері қатысты.
2023 жылдың желтоқсанынан бастап ОӘБ Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ және С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетімен бірлесіп «Инженерлік білім беру тұжырымдамасын» әзірлеуде. Тұжырымдама ШҚТУ және ҚазҰТЗУ базасында оқу-әдістемелік бірлестіктің кеңейтілген көшпелі отырысында ұсынылса, ал оны талқылау ҒЖБМ, ЖОО, индустрия өкілдерімен және басқа да мүдделі тараптармен өткізіледі.
Айта кетейік, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ мен Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ ҚР ҒЖБМ бағдарламалық-мақсатты қаржыландыруы бойынша ауқымды «Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру контекстінде инженерлік білім берудің ұлттық моделін құру» жобасын жүзеге асырып келеді. Жоба еңбек нарығының «Өңірлік құзыреттер картасын», инженерлік білім беру стандартын және инженерлік кадрларды кәсіби сертификаттау орталығын құруды қоса алғанда, инженерлік білім берудің ұлттық моделі үшін стратегияларды әзірлеуге бағытталған.
Бұдан бөлек, инженерлік және инженерлік-педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттырудың ұлттық стратегиясын іске асыруды қамтиды.