Арнайы мемлекеттік жәрдемақыны еліміз бойынша 208 мыңнан астам адам алады
Қазақстанда азаматтардың ел алдындағы айрықша еңбегін ескеруге, сондай-ақ төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге қолдау көрсетуге бағытталған арнайы мемлекеттік жәрдемақы (АМЖ) төлеу жалғасуда. Бұл – әлеуметтік қорғау жүйесінің маңызды тетігі және халықтың осал топтарына көрсетілетін кешенді көмектің бір бөлігі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғауминистрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша елімізде 207 780 адам арнайы мемлекеттік жәрдемақы алады. Осы кезеңге дейін оларға 22,3 млрд теңге көлемінде төлем жүргізілген.
АМЖ Қазақстанда 1999 жылы заң жүзінде енгізілген. Бұл бағдарлама уақыт өте келе жетілдіріліп, әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың нақты қажеттіліктерін өтеуге бағытталған маңызды құралға айналды. Қолданыстағы заңнамада жәрдемақы алушылардың 17 санаты айқындалған.
Арнайы жәрдемақыны төмендегі азаматтар ала алады: Ұлы Отан соғысының ардагерлері және басқа мемлекеттер аумағындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер; Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген тұлғалар; соғыста қаза тапқан жауынгерлердің жұбайлары мен әскери қызметкерлердің отбасы мүшелері; «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болғандар; тыл еңбеккерлері; Чернобыль АЭС апатының зардаптарын жоюға қатысқандар; саяси қуғын-сүргін құрбандары; мүгедектігі бар адамдар мен жасына байланысты зейнеткерлер; Қазақстан алдында ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған тұлғалар; заңда көрсетілген өзге де санаттағы азаматтар.
АМЖ көлемі азаматтың қай санатқа жататынына байланысты. Төлем мөлшері 2,13-тен 138,63 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін өзгереді. Жәрдемақылар жыл сайын АЕК өсіміне сәйкес қайта есептеліп, республикалық бюджет туралы заң негізінде индекстеледі.
Маңыздысы — азамат бірнеше санатқа қатар жатса да, жәрдемақы тек бір негіз бойынша, оның жеке таңдауы ескеріле отырып төленеді.
Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар да арнайы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы. Бұл – әлеуметтік теңдік қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.
АМЖ алу үшін өтініш берудің екі жолы бар: eGov.kz электронды үкімет порталы арқылы онлайн; Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, қажетті құжаттарды тапсыру арқылы.