KZ
Өскемен
-37°
туман жел 2 м/с, В
512.16 594.72 6.57

Елімізде 700 мыңнан астам адам әлеуметтік жәрдемақы алуда

depositphotos.com

22.09.2025, 12:30 172 Төлеуғазы Жансая

Жыл басынан бері республикада мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға 436,1 млрд теңге бөлінді. Бұған қоса, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қосымша 59,8 млрд теңге көлемінде төлем жасалды. Бұл қаражат еңбекке қабілеттілігінен айырылғандар мен асыраушысынан айырылған отбасыларға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша елімізде:

  • 543,7 мыңнан астам адам мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алады;
  • 184,1 мыңға жуық адам асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алуда.

Сонымен қатар:

  • 97 мың азамат еңбекке қабілеттілігінен айырылғаны үшін әлеуметтік төлем алады;
  • 65,9 мың отбасы асыраушысынан айырылғаны үшін әлеуметтік қолдауға ие.

Төлемдердің көлемі әрбір адамның жағдайына байланысты есептеледі. Мүгедектігі бар азаматтарға берілетін жәрдемақы мүгедектік тобына, себебіне және ең төмен күнкөріс деңгейіне тәуелді. Ал асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы қайтыс болған асыраушысының асырауында болған адамдар саны мен күнкөріс деңгейіне қарай белгіленеді.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға жасалатын төлем мөлшері жеке табысына, әлеуметтік аударымдарына және еңбек өтіліне байланысты есептеледі. Бұл төлемдер мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша төленеді.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуіне орай барлық жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер 6,5%-ға артты.

Биылғы жылы мүгедектігі бойынша мемлекеттік жәрдемақының мөлшері:

  • І топ үшін – 101 702 теңге,
  • ІІ топ үшін – 81 362 теңге,
  • ІІІ топ үшін – 55 474 теңге болып белгіленді.

Ал 1 қыркүйектегі жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылғандарға төленетін әлеуметтік төлемнің орташа көлемі 71 468 теңге, асыраушысынан айырылғандарға төленетін төлемнің орташа мөлшері 74 460 теңгені құрады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу