Ана мен баланы қолдау: жыл басынан 221 млрд теңгенің жәрдемақысы төленді
gov.kz
Жыл басынан бері елімізде ана мен баланы әлеуметтік қолдауға бағытталған мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерге 221,8 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат 246,7 мың адамды қамтыды. Жәрдемақылардың басым бөлігі бала тууына және 1,5 жасқа дейін баланы күтуге арналған төлемдерге жұмсалған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Жыл басынан бері республикалық бюджет есебінен 15,6 миллиард теңге сомасына 86,5 мың адамға бала туғаны үшін біржолғы жәрдемақы төленді. Наурыз айының өзінде бұл төлемді 24,6 мың адам алып, жалпы сомасы 4,5 миллиард теңгені құрады. Бұл жәрдемақыны туған, асырап алған немесе қамқорлығына алған баласы бар Қазақстан азаматтары, қандастар, сондай-ақ елімізде тұрақты тұратын шетел азаматтары ала алады.
Бала тууына берілетін жәрдемақы мөлшері:
бірінші, екінші, үшінші балаға – 149 416 теңге (38 АЕК);
төртінші және одан кейінгі балаларға – 247 716 теңге (63 АЕК).
Бала күтімімен айналысатын, бірақ әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын ата-аналар да ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы ала алады. Есепті кезеңде бұл жәрдемақыны 10,8 миллиард теңге сомасында 123 мың адам алды. Төлем мөлшері бала санына байланысты өзгеріп отырады:
бірінші балаға – 22 648 теңге;
екінші балаға – 26 777 теңге;
үшінші балаға – 30 866 теңге;
төртінші және одан кейінгі балаларға – 34 995 теңге.
Жүктілік және босану кезеңінде еңбекке жарамсыз болып табылған жұмыс істейтін әйелдерге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) әлеуметтік төлем тағайындалады. Бұл төлем соңғы 12 айдағы орташа жалақы мен еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты есептеледі. Жыл басынан бері 60 мың адамға 85,1 миллиард теңге көлемінде төлем жасалды. Наурыз айының өзінде бұл төлемді 18,1 мың адам алып, жалпы сомасы 24 миллиард теңгені құрады. Орташа төлем көлемі – 1 668 261 теңге.
Сондай-ақ, МӘСҚ жүйесіне қатысушылар бала 1,5 жасқа толғанға дейін баланы күту үшін кірістен айырылуына байланысты ай сайынғы төлем ала алады. Бұл төлем соңғы екі жылда аударылған әлеуметтік төлемдердің 40%-ын құрайды. Егер бір мезетте бірнеше бала дүниеге келсе, төлем әр балаға жеке есептеледі.
2025 жылдың алғашқы үш айында бұл әлеуметтік төлем 110,3 миллиард теңге сомасына 63,7 мың адамға тағайындалды. Наурыз айында ғана 36,2 миллиард теңге көлемінде 18,8 мың адамға төленді. Орташа айлық төлем – 92 522 теңге.
2025 жылдан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мөлшері 6,5%-ға индекстеліп, азаматтарға көрсетілетін қолдау көлемі арта түсті. Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар ана мен баланың әл-ауқатын жақсартуға, отбасылардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі болып қала бермек.