KZ
Өскемен
-17°
туман жел 1 м/с, ОБ
514.31 603.03 6.4

39 мыңнан астам қызмет қашықтан көрсетілді – Министрлік

Кеше, 12:00 63 Төлеуғазы Жансая

Елімізде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған «Онлайн медицина» пилоттық жобасының алғашқы нәтижелері белгілі болды. 2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап іске қосылған жоба ең алдымен шалғай ауылдық елді мекендерде тұратын тұрғындарға медициналық қызметті жақындатуды көздеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Пилоттық жоба еліміздің тоғыз өңірін қамтыды. Атап айтқанда, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Алматы облыстары мен Астана қаласында жүзеге асырылды. Жоба аясында 100 медициналық ұйым мен телемедицина саласындағы 7 технологиялық өнім жеткізуші бірлесіп жұмыс істеді.

Жобаны іске асыру барысында 39 569 қашықтықтан медициналық қызмет көрсетілді. Оның ішінде ең үлкен үлесті диагностикалық қызметтер алды — 24 923 жағдай. Сонымен қатар 12 645 рет дәрігерлердің онлайн консультациялары жүргізіліп, 2 мыңнан астам зертханалық тексеру орындалды.

Қашықтықтан қызмет көрсету барлық деңгейдегі медициналық ұйымдарды қамтыды. Атап айтқанда, фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаторияларда 3 718 қызмет, ал аудандық және қалалық ауруханаларда 35 851 қызмет көрсетілген. Бұл телемедицинаның ауылдық жерлерден бастап ірі медициналық орталықтарға дейін біртұтас жүйе ретінде жұмыс істей алатынын көрсетті.

Аймақтар бойынша ең көп қызмет:

Астана қаласында — 22 672,

Алматы қаласында — 12 646,

Қарағанды қаласында — 2 545 көрсетілді.

Әсіресе Алматы облысында жобаның тиімділігі айқын байқалды. Мұнда қашықтан көрсетілген медициналық қызметтердің 94,3 пайызы ауылдық аумақтарға тиесілі болды. Бұл телемедицинаның шалғай елді мекендер үшін аса қажет екенін дәлелдейді.

Жиналған деректерді талдау халықтың негізгі сұранысы тар бейінді мамандардың консультацияларына бағытталғанын көрсетті. Ең көп жүгінген мамандар қатарында терапевттер, кардиологтар, эндокринологтар және педиатрлар бар.

Телемедицинаның ең кең қолданылған мүмкіндіктеріне:

экспресс-диагностика,

20 мыңнан астам ЭКГ зерттеуі,

цифрлық стетоскоп, отоскоп және офтальмоскоп арқылы тексерулер,

созылмалы ауруы бар науқастарды қашықтан бақылау қызметтері кірді.

Жаңа технологияларды тиімді пайдалану үшін 300-ден астам медицина қызметкері арнайы оқытудан өтті. Бұл медициналық көмектің сапасын сақтауға және цифрлық сервистерді дұрыс қолдануға мүмкіндік берді.

Пилоттық жобаны үйлестіру, әдіснамалық қолдау көрсету және енгізілу барысын бақылау жұмыстарын С. Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы жүргізді. Орталық көрсетілетін қызметтердің бірыңғай стандартқа сай болуын және сапасының сақталуын қамтамасыз етті.

Жалпы алғанда, «Онлайн медицина» пилоттық жобасы өңірлерде қашықтықтан медициналық қызметке деген сұраныстың жоғары екенін және бұл форматтың сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуде тиімді құрал екенін айқын көрсетті.


Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу