Өңірлердің даму қарқыны бақылауда: Үкімет артта қалған облыстарға нақты міндет жүктеді
Ел Үкіметінің отырысында 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралып, жоспарлы көрсеткіштерден төмен нәтиже көрсеткен өңірлердің жұмысы қатаң талдауға алынды. Премьер-министр Олжас Бектенов Атырау, Абай және Ұлытау облыстарының әкімдеріне түйткілді мәселелерді жеке бақылауға алып, жедел шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Үкімет отырысында еліміздің биылғы 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды. Онда Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Абай облысының әкімі Берік Уәли және Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің баяндамалары тыңдалды.
Премьер-министр Олжас Бектенов негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша еліміздің 12 өңірінде оң динамика қалыптасып отырғанын атап өтті. Олардың қатарында Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Жетісу, Ұлытау облыстары, сондай-ақ Астана және Алматы қалалары бар.
Алайда, Атырау, Абай және Ұлытау облыстары жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізбеген.
Олжас Бектенов облыс әкімдері барлық мәселені тікелей бақылауға алуы қажет екенін баса айтты.
Премьер-министр экономиканың өсу қарқынын сақтап қалуды тапсырды және сауда мен металлургияның перспективаларын атап өтті.
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының инфляцияны төмендету бойынша алға қойған міндеті аясында өңір басшыларының назарын осы бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігіне аударды.
Соңғы екі айда инфляция деңгейі 12,4%-ға дейін төмендегенін, алайда, кейбір өңірлерде, атап айтқанда, Ұлытау, Ақмола және Атырау облыстарында керісінше, өскені байқалады. Басты себеп – азық-түлік бағасының қымбаттауы болып отыр.
Жалпы, инфляциялық процестерді төмендету үшін 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру барысын бақылауда ұстау қажет.
Премьер-министр Олжас Бектенов Сауда және интеграция министрлігіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін уақытша кеңейту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Арзандатылған сиыр етін ірі сауда желілері арқылы сату тәжірибесін бүкіл ел аумағында кеңінен қолданған жөн. Олжас Бектенов салалық ведомстволар мен әкімдіктерге ет өнімдері бағасын тежеу бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
Олжас Бектенов Президент тапсырмасы бойынша шағын және орта бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламалық құжаты дайындалып жатқанын атап өтті. Құжат іскерлік белсенділікке және шағын кәсіпкерлікті дамыту құралы болуы тиіс.
Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен және «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесіп, шикізатты қайта өңдеуді ынталандыру шараларын, сондай-ақ қолөнер, былғары, сүт өнімдері және басқа да салаларды қолдауды қамтитын құжатты сапалы әзірлеуді қамтамасыз ету тапсырылды.
Мемлекеттің экономикадағы үлесін төмендету жөніндегі Президент тапсырмаларын жүзеге асыру аясында жекешелендірудің жаңа жоспарындағы активтердің жартысына жуығын 2026 жылы жүзеге асыру жоспарлануда.
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы белгілеген басымдықтарға сәйкес, кәсіпкерлік бастаманы кеңейту және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету шарттарының бірі мемлекеттің экономикадағы үлесін төмендету екенін атап өтті. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш ЖІӨ-ге шаққанда 13,7%-ды құрап отыр.
Жекешелендіру жөніндегі ұлттық кеңсеге тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, оңтайландырумен қамтылмай қалған салаларға талдау жүргізуді жалғастыру тапсырылды.
Сонымен қатар, жаңа өнеркәсіптік жобалардың тізбесін пысықталуы тиіс.
Өнеркәсіп, Қаржы министрліктері «Самұрық-Қазына» қорымен және Монополияға қарсы ведомствомен бірлесіп, мемлекеттік сатып алу аясында ұқсас импорттық тауарларды алып тастау мәселесін пысықтауы тиіс. Бұл отандық тауар өндірушілерге қосымша қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ инвестиция көлемі, жұмыс орындарын ашу, еңбек өнімділігінің өсуі, локализацияны тереңдету, технологиялар трансфері, сондай-ақ экспорттық әлеует пен салық түсімдерін арттыру көрсеткіштерін назарда ұстау қажет.
Бюджет қаражатын уақтылы игеру мәселесі бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілері қаржылық тәртіпті күшейтулері қажет екенін баса айтты. Жобалардың қымбаттауына жол бермей, оларды шарттық сомалары шегінде жүзеге асыруды тапсырды.
Тапсырмаға сай, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар осы жылдың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін барлық ресурсты жұмылдыруы тиіс.
Премьер-министр жылдық қаржыландырумен қамтамасыз етілмеген сатып алу рәсімдерін жариялауға жол бермеуге және жоспарлы бюджет көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін ресурстарды жұмылдыруға шақырды.
Үкімет өңірлердің теңгерімді дамуын қамтамасыз етуге басымдық беріп отыр. Экономикалық өсімді сақтау, инфляцияны тежеу, отандық өндірісті қолдау және бюджеттік тәртіпті күшейту – алдағы кезеңдегі негізгі міндеттер. Премьер-министр атап өткендей, барлық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін бар ресурсты жұмылдырып, нақты нәтиже көрсетуі тиіс.
Фото: ҚР Үкіметі


