Қазақстан волонтерлерді жүйелі қолдап, халықаралық бастамаларға белсенді атсалысуда
Қазақстанда волонтерлік қозғалыс жылдан-жылға қарқын алып, тек ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де белсенді дамып келеді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған жүйелі қолдау мен нақты бастамалардың нәтижесінде қазақстандық волонтерлер жаһандық әлеуметтік жобаларға атсалысып, елдің беделін арттыруда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 2026 жылды Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады. Бұл шешім Қазақстанның әлемдік волонтерлік қозғалыстағы көшбасшылық рөлін айқындай түсіп, халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Осы бастамаға орай 2025 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан Ұлттық ұйымдастыру комитеті құрылды. Комитет Халықаралық волонтерлер жылына дайындық жұмыстарын үйлестірумен және халықаралық ынтымақтастықты нығайтумен айналысады. Сонымен қатар, халықаралық жұмысты тікелей үйлестіру үшін екі қазақстандық волонтер БҰҰ-ның өңірлік хатшылықтарына жіберілді. Олар Еуропа мен Орталық Азия аймағында IVY 2026 аясындағы жұмыстарға белсене қатысуда.
Халықаралық волонтерлер жылының өңірлік үйлестірушісі Зарина Мирабдуллаеваның айтуынша, Қазақстан волонтерлік саласында бірегей тәжірибеге ие елдердің бірі.
Толық қаржыландыру бағдарламасы аясында 2025 жылы Кения, Түркия және Таиланд елдеріне 7 қазақстандық волонтер жіберіліп, әлеуметтік, гуманитарлық және білім беру бағыттарында өз қызметін табысты атқарып жүр. Бұл бастама қазақстандық волонтерлердің халықаралық тәжірибесін арттырып, елдің жұмсақ күш саясатына да оң әсерін тигізуде.
Мемлекет басшысының бастамасымен және ТМД Үкімет басшылары кеңесінің шешімі бойынша жыл сайын Достастық елдері волонтерлерінің форумы ұйымдастырылатын болды. Алғашқы форум 2026 жылы Астана қаласында өтеді. Бұл алаң волонтерлік тәжірибе алмасуға, ортақ жобаларды дамытуға және аймақтық ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік береді.
Қазақстанда волонтерліктің ұлттық инфрақұрылымы да жүйелі түрде қалыптастырылған. Бүгінде ел бойынша Ұлттық фронт-кеңсе және 20 өңірлік фронт-кеңсе жұмыс істейді, бірыңғай Call-орталық қызмет көрсетеді, сондай-ақ Qazvolunteer.kz ұлттық онлайн-платформасы іске қосылған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша белсенді волонтерлер саны 300 мыңға жуықтады. Олардың қатарында 6 мың «күміс» волонтер және 810-нан астам волонтерлік ұйым бар.
Волонтерлердің еңбегін ынталандыру және қоғамдағы рөлін арттыру мақсатында Президенттің бастамасымен «Жыл волонтері» сыйлығы тағайындалды. Бұл марапат жыл сайын табысталып келеді. Осы уақытқа дейін Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Ресей елдерінен 297 азамат аталмыш сыйлықтың лауреаты атанды.
Сонымен қатар «Игі істер марафоны» жобасы да қоғам тарапынан кең қолдау тапты. 2025 жылы қазақстандықтар 9 мыңнан астам игі іс атқарып, жобаға 40 мың адам қатысты. Бұл бастама азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, волонтерлік мәдениеттің нығаюына серпін берді.
Жылды қорытындылай келе, Қазақстан волонтерлік қозғалыстың негізін одан әрі нығайта бермек. 2025 жылы ел көлемінде 56 волонтерлік жоба іске асырылып, жергілікті бастамаларды дамыту үшін 60 шағын грант бөлінді. Алдағы уақытта да мемлекет волонтерлерді қолдауды жалғастырып, халықаралық деңгейдегі бастамаларға белсенді түрде атсалыса бермек.