KZ
Өскемен
-30°
плотный туман жел 2 м/с, СШ
510.43 594.86 6.49

Шығыс Қазақстан ертегі әлеміне енеді: өңірде халықаралық қысқы фестиваль өтеді

17.12.2025, 19:00 131 Базарова Айгүл

Жаңа жыл қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы нағыз қысқы ғажайыптың орталығына айналмақ. Өңірде еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелдерден келген қонақтардың қатысуымен ауқымды халықаралық фестиваль өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

2025 жылғы 19–20 желтоқсан күндері Шығыс Қазақстан облысында «Аяз ата, Ақшақар – 2025» халықаралық фестивалі ұйымдастырылады. Бұл мереке өңір тұрғындары мен туристерге ертегідей көңіл күй сыйлап, жаңа жылдық атмосфераны айшықтай түспек. Фестивальдің мақсаты – өңірдің қысқы сұлулығын паш етіп қана қоймай, жаңа жыл алдындағы жарқын мәдени оқиғаға айналу.

Жыл өткен сайын фестиваль ауқымы кеңейіп келеді. Биыл мерекеге Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы елшіліктерінің өкілдері, сондай-ақ Ұлытау, Жетісу және Абай облыстарынан келген делегациялар қатысады. Ерекше назар аударарлық жайт – фестивальге 120-дан астам Аяз ата мен Ақшақар жұбы қатысып, көпшілікке нағыз ертегі әлемін сыйлайды.

Мерекелік бағдарлама екі күнге жоспарланған. 19 желтоқсанда фестиваль шаралары Риддер қаласында бастау алады. Ал 20 желтоқсанда мереке «Алтай Альпісі» тау-шаңғы кешенінде және Өскемен қаласында жалғасады. Қонақтарды қысқы ойын-сауықтар, концерттік бағдарламалар, түрлі байқаулар мен бүкіл отбасыға арналған мәдени іс-шаралар күтеді. Сол күні сағат 15:00-де Аяз атаның резиденциясының салтанатты ашылуы өтеді.

«Аяз ата, Ақшақар – 2025» фестивалі өңір тұрғындарын бір арнаға тоғыстырып, балаларға шаттық, ересектерге жаңа жылдық ғажайып сезім сыйлайды. Сонымен қатар бұл шара Шығыс Қазақстанның қысқы туризм әлеуетін танытатын маңызды мәдени оқиға болмақ.


Дмитрий Чжан

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу