Қазақстанда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғау тетіктері күшейтілді
Ағымдағы жылы Қазақстанда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды әрі кешенді шешімдер қабылданды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың мүддесін бірінші орынға қоюға бағытталған бұл өзгерістер заңнамалық деңгейде бекітілді. Соның ішінде Мемлекет басшысы қол қойған жаңа заң ерекше маңызға ие. Аталған заң 2026 жылғы 4 ақпаннан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Жаңа заң нормалары балаларды тәрбиелеуге жауапты тұлғаларға қойылатын талаптарды айтарлықтай күшейтеді. Енді егер қамқоршы, қорғаншы немесе асырап алған ата-анаға қатысты соттылық анықталса, сондай-ақ олардың психикалық немесе наркологиялық диспансерде есепте тұрғаны белгілі болса, мұндай адамдар баланы тәрбиелеу құқығынан дереу айырылады. Сонымен қатар, үстінен қылмыстық іс қозғалған азаматтарға бала асырап алуға, қамқоршы немесе патронат тәрбиеші болуға тыйым салынады. Бұл шаралар балаларды ықтимал қауіп-қатерден қорғауға және олардың қауіпсіз ортада өмір сүруіне бағытталған.
Заңнамадағы тағы бір маңызды жаңашылдық – қамқоршылар мен асырап алған ата-аналар үшін жыл сайын сенімділікті растау міндетінің енгізілуі. Енді олар денсаулық жағдайы, тұрғылықты мекенжайы және соттылығының жоқтығы туралы мәліметтерді тұрақты түрде ұсынып отыруы тиіс. Бұл талап бала тағдырына жауапты адамдардың сенімділігін бақылауға және алдын алу шараларын күшейтуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, жаңа заңда баланы орналастырудың басымдық тәртібі нақты бекітілді. Алдымен бала жақын туыстарына беріледі, ал ондай мүмкіндік болмаған жағдайда ғана ерлі-зайыпты отбасыларға орналастырылады. Бұл тәсіл баланың отбасылық байланысын сақтау мен психологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанованың айтуынша, жетім балалардың құқықтарын қорғау – үнемі жүйелі назарды талап ететін аса маңызды сала.
Биылғы маңызды жаңалықтардың бірі – кәсіби қабылдаушы отбасы институтының енгізілуі. Бұл жүйе баланың тұрақты тұратын жері анықталғанға дейін оны уақытша, бірақ қауіпсіз әрі отбасылық ортада тәрбиелеуді көздейді. Сонымен қатар тәлімгерлік институты да қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда еліміздің 20 өңірінде 360-тан астам азамат жетім балаларға тәлімгер болып, олардың өмірлік бағдарын табуына қолдау көрсетуде.
Балаларды мемлекеттік мекемелерге орналастыру тәртібі де қайта қаралды. Енді бала анықталған жағдайда, ол ең алдымен үш күнге дейін медициналық ұйымға жіберіліп, денсаулығы мен қажеттіліктері жан-жақты бағаланады. Бұл баланың әрі қарайғы тағдырын дұрыс айқындауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ алғаш рет қамқоршылық органдары үшін нақты штат саны бекітілді: әрбір 5 мың балаға кемінде бір маманнан келуі тиіс. Бұл шешім мамандар санын 3,3 есеге арттырып, 303-тен 1028 қызметкерге дейін жеткізуге мүмкіндік берді. Өңірлерде қамқоршылық саласын басқарудың жаңа құрылымдары қалыптасуда. Мәселен, Ақтөбе облысы мен Астана қаласында балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармалар өз жұмысын бастады. Алдағы уақытта мұндай бөлімшелер Шымкент қаласында, сондай-ақ Ақмола, Қостанай және Жамбыл облыстарында ашылады.
Айта кетейік, бүгінде елімізде 20 мыңнан астам жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Олардың 82 пайызы отбасылық ортада тәрбиеленуде. Бұл қабылданған шаралардың тиімділігін және балаларды интернаттық мекемелерден отбасылық тәрбиеге көшіру бағытының дұрыс екенін көрсетеді.