Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға ресми сапармен барды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Жапонияға барды. Токио қаласының Ханэда халықаралық әуежайында Жапонияның мемлекеттік сыртқы істер министрі Аяно Кунимицу қарсы алды. Бүгін Мемлекет басшысы Жапония императоры Нарухитомен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Altainews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға жасаған алғашқы ресми сапары барысында Күншығыс елінің Императоры Нарухитомен кездесті. Кездесу жылы әрі достық атмосферада өтті, екі тарап екіжақты ынтымақтастық, стратегиялық серіктестік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Император Нарухитоға көрсеткен қонақжайлығы үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстан мен Жапония арасындағы тарихи байланыстардың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Күншығыс елінің тәртіптілігі мен табандылығын әрдайым үлгі тұтатынын жеткізді.
Кездесу барысында екі ел арасындағы экономикалық, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту, стратегиялық серіктестікті тереңдету мәселелері қаралды. Император Нарухито Қазақстан Президентінің сапары екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті.
Қазақстан мен Жапония арасындағы дипломатиялық байланыстар 1992 жылдан бері тұрақты түрде дамып келеді. Екі елдің мәдениеті мен тәрбие құндылықтарында ортақ ұқсастықтар бар: үлкенге құрмет көрсету, білім мен еңбекке берік болу, тәртіп пен жауапкершілікке мән беру. Бұл ұқсастықтар екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға және рухани байланыстарды тереңдетуге мүмкіндік береді.
Фото: Ақорда





