Жаңа Салық кодексі: арнайы салық режимдері жетіден үшке дейін қысқарады
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енетіні белгілі. Құжатқа сәйкес арнайы салық режимдерінің саны жетіден үшке дейін қысқарады. Енді ел азаматтарына өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режим, оңайлатылған декларация негізіндегі режим және шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған режим қолжетімді болады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2026 жылдан бастап патент негізіндегі тіркелген шегерімге сүйенетін және ауыл шаруашылығы кооперативтеріне арналған арнайы салық режимдері қолданылмайды. Жаңа талаптарды Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары түсіндірді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режим табысты заңдастыруға және әлеуметтік кепілдіктер алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте жеке кәсіпкер ретінде тіркелу, жеке табыс салығын және қосылған құн салығын төлеу міндеттелмейді. Әлеуметтік төлем мөлшері табыстың 4 пайызы көлемінде белгіленген, ал есепке алу мобильді қосымша арқылы жүзеге асырылады.
2026 жылғы 1 наурызға дейін хабарлама тапсырмаған жеке кәсіпкерлер автоматты түрде есептен шығарылады немесе жалпыға бірдей салық салу тәртібін қолданушылар ретінде танылады.
Сонымен қатар, елімізде 2023 жылғы наурыздан бастап «Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң қолданыста. Аталған заң соттан тыс банкроттықты 1 600 айлық есептік көрсеткішке дейінгі берешекке, сот арқылы банкроттықты 1 600 АЕК-тен асатын қарызға, сондай-ақ банкрот мәртебесін алмай, бес жылға дейін бөліп төлеу арқылы төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қарастырады.
2025 жылдың басынан бері облыста соттан тыс банкроттық рәсіміне 4 645 өтініш түсіп, оның 512-сі қабылданған. Сот арқылы банкроттық бойынша 101 өтініш тіркеліп, 23-і мақұлданды. Ал төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсіміне 78 өтініш түсіп, 37-сі қанағаттандырылған.
Дәурен Аллабергенұлы