Шығыс Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындарының жеңімпаздары марапатталды
Шығыс Қазақстан облысында жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен кездесу өтті. Дубайда өткен халықаралық жарыстардан оралған спортшыларды жоғары нәтижелерімен құттықтап, өңірдің спорттық беделін арттыруға қосқан үлестері үшін алғыс білдірілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Еске салайық, Қазақстанның жасөспірімдер пара құрамасы V Азия Пара ойындарында жоғары нәтиже көрсетіп, 45 елден келген 1300 спортшының арасында 68 медаль жеңіп алып, Азияның үздік бес командасының қатарына енді. Ұлттық құраманың қоржынында 25 алтын, 23 күміс және 20 қола медаль бар.
Ойындарда Қазақстан атынан 60 спортшы 9 спорт түрі бойынша бақ сынады. Ең көп жүлде пара жүзуден – 34 медаль еншіленді. Сондай-ақ қол күрестен 11, үстел теннисінен 7 медаль жеңіп алынды. Ал жеңіл атлетика мен пауэрлифтингтен қазақстандық спортшылар 6 медальдан қанжығаларын майлады.
Бұдан бөлек, ұлттық құрама голболдан алтын медаль иеленсе, боччадан күміс жүлде, пара таеквондодан бір күміс және бір қола медаль жеңіп алды. Ал садақ атудан Қазақстан атынан бір спортшы қатысқанымен, жүлделі орындарға қол жеткізілген жоқ.
Спорттық табыстардың жалғасы ретінде 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні Шығыс Қазақстаннан шыққан чемпиондар туған жерінде салтанатты түрде қарсы алынды. Облыс орталығында спортшыларды жанкүйерлер, туған-туыстары мен жақындары зор қошеметпен күтіп алды. Жас спортшылардың жетістігі – табанды еңбектің, ұзақ жылдық дайындықтың және алға қойған мақсатқа адалдықтың айқын дәлелі болды.
Чемпиондармен өткен кездесуге облыстық атқарушы органдардың өкілдері, спорт федерациялары, жаттықтырушылар қауымы, қоғамдық ұйымдар мен өңірдің жас спортшылары қатысты. Бұл кездесу – чемпиондардың еңбегін мойындау ғана емес, параспорттың қоғамдағы маңызын көрсететін жарқын үлгі.
Кездесудің басты қаһармандары – Шығыс Қазақстаннан шыққан пара жүзу мен пара армрестлинг өкілдері болды. Аталған спорт түрлерінде өңір спортшылары ауыз толтырып, мақтанышпен айтарлық нәтижелерге қол жеткізді.
Марапаттау рәсімі алдында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов спортшылармен, олардың ата-аналарымен және жаттықтырушыларымен жүздесіп, әңгімелесті.
Кездесу барысында пара жүзуден ұлттық құрама мүшесі Виктор Волковтың жетістігі ерекше атап өтілді. Ол Дубайдағы Азия Пара ойындарында 50, 100 және 400 метрге еркін жүзуден үш алтын, 100 метр баттерфляйдан күміс медаль жеңіп алды. Жыл бойы ол ел чемпионаттары мен Қазақстан Республикасының Спартакиадасында да тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келеді.
Ұлттық құраманың тағы бір мүшесі Матвей Пахомов 100 метр арқамен және 400 метр еркін жүзуден екі күміс медаль алып, ел қоржынына олжа салды. Бұл – жас спортшының алғашқы ірі халықаралық жүлделері.
Кирилл Ресслер де табысты өнер көрсетті. Оның қоржынында 100 метр арқамен жүзуден алтын, эстафетада қола медаль бар. Ол маусым бойы халықаралық және республикалық жарыстарда бәсекеге қабілетті нәтижелер көрсетіп келеді.
Пара армрестлингтен Шығыс Қазақстанның намысын халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ұлттық құраманың мүшесі Ольга Романькова қорғады. Ол жастар арасында сол және оң қолмен күресуден екі қола медаль жеңіп алды. Оның спорттық жетістіктері қатарында Қазақстан чемпионаттарындағы жеңістер мен жастар арасындағы әлем чемпионатының алтыны бар.
Кездесу барысында Нұрымбет Сақтағанов медальдар артында күнделікті ерен еңбек, тәртіп, өр рух пен мықты мінез жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, болашақ жеңістердің іргетасын қалайтын жаттықтырушыларға және спортшыларды әрдайым қолдап жүрген ата-аналарға ерекше алғыс білдірілді.
Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысында 1628 спорт нысаны бар. Оның 563-і қалаларда, 1065-і ауылдық елді мекендерде орналасқан. Бұл инфрақұрылым спортшыларды жүйелі даярлауға, түрлі деңгейдегі жарыстар өткізуге және тұрғындарды бұқаралық спортқа баулуға мүмкіндік береді. Инклюзивті спортты, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жағдай жасауды дамыту – негізгі басымдықтардың бірі.
Спортшылар мен жаттықтырушылар өз жетістіктері арқылы ел намысын қорғап қана қоймай, ең алдымен жастарды спортпен шұғылдануға және салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырғылары келетінін айтты. Жас чемпиондар, олардың жақындары мен бапкерлері жанкүйерлерге, облыс басшылығына және демеуші – «Қазцинк» компаниясына көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді.
Дамир Омаров
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Жәнібек Ырысбай







