Қазақстан құрамасы Азия Пара ойындарында 68 медаль жеңіп алды
Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындары өз мәресіне жетті. Аталған халықаралық додада Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, 68 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жарыс қорытындысы бойынша отандық спортшылардың еншісінде 25 алтын, 23 күміс және 20 қола медаль бар. Осы көрсеткішпен Қазақстан құрамасы 45 мемлекеттің ішінде жалпыкомандалық есепте 5-орынға тұрақтады.
Биылғы Азия Пара ойындарында еліміздің намысын 60 жас спортшы қорғады. Олар 9 спорт түрі бойынша сынға түсіп, жүлделер үшін тартысты бәсекеде өнер көрсетті.
Медальдардың басым бөлігі төмендегі спорт түрлерінен еншіленді:
пара жүзу – 34 медаль;
пара қол күресі – 11 медаль;
пара үстел теннисі – 7 медаль;
пара жеңіл атлетика – 6 медаль;
пара пауэрлифтинг – 6 медаль.
Сонымен қатар, голболдан ұлттық құрама алтын, боччадан күміс, пара таеквондодан бір күміс және бір қола медаль жеңіп алынды.
Ал пара садақ ату спорт түрі бойынша Қазақстан атынан бір спортшы қатысқанымен, бұл жолы жүлде бұйырмады.
Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы спорт басқармасының басшысы Қайрат Сейтбеков қазақстандық жас спортшылардың өнерін жоғары бағалады.
Айта кетейік, жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындары 10–13 желтоқсан аралығында Дубай қаласында (БАӘ) өтті. Байрақты бәсекеге 45 елден 1300-ден астам спортшы қатысып, 11 спорт түрі бойынша 481 медаль жиынтығы сарапқа салынды.
Бұл жарыс жас параспортшылар үшін тек жүлде ғана емес, болашақ халықаралық турнирлер мен Паралимпиада ойындарына жол ашатын маңызды тәжірибе алаңы болды. Қазақстан құрамасының жоғары нәтижесі елімізде параспорттың жүйелі түрде дамып келе жатқанын және жас спортшыларға көрсетіліп жатқан қолдаудың тиімді екенін айқын көрсетті.
Фото/дереккөз: ҚР Туризм және спорт министрлігі




