Мемлекет басшысы архив ісі және заңға қайшы контентті шектеу туралы заңға қол қойды
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов архив саласындағы заңнаманы жетілдіру үдерісіне Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның қосқан нақты үлесіне тоқталды. Оның айтуынша, Қоғамдық палата тек қоғамдық бақылау мен ашық талқылаулар алаңы ғана емес, сонымен қатар заң шығару ісіне жүйелі түрде кәсіби сараптамалық қолдау көрсететін маңызды құрылым.
Қазіргі таңда арнайы модуль арқылы Қоғамдық палата мүшелері қаралып жатқан заң жобалары бойынша өз ұсыныстары мен аналитикалық материалдарын тікелей депутаттарға жолдай алады. Заң шығару бастамасы депутаттардың құзырында болғанымен, сарапшылар ұсынған идеялар сапалы әрі тиімді заңнамалық өзгерістердің негізіне айналып отыр.
Қоғамдық палата мүшелері түрлі саланың білікті мамандарынан құралған. Бұл сарапшылар қауымдастығымен тиімді ынтымақтастық орнату арқылы кәсіби, дәл және нәтижелі заңнамалық шешімдер қабылдауға болатынын көрсетеді.
Фото: pixabay.com