Жүргізуші куәлігі және техпаспорт. Заңға қол қойылды
Президент Қасым Жомарт Тоқаев жаңа заңға қол қойды. Қазақстандық жүргізушілерге енді өзімен бірге жүргізуші куәлігі мен техпаспортты алып жүрудің қажеті жоқ, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
- Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол қозғалысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, - делінген хабарламада.
Жаңа заңға сәйкес көлік жүргізушілеріне жүргізуші куәлігі мен техпаспортты ұмытып кеткені үшін айыппұл салынбайды. Полиция қызметкерлері азаматтардың жеке куәліктері арқылы электронды деректер базасынан құжаттарының бар-жоғын тексеретін болады.
Алайда бұл өзгерістің жүргізуші куәлігі мен техпаспортты алып жүруге міндетті шетелдіктерге қатысы жоқ.
Заң алғашқы ресми жарияланған күннен кейін 10 күн өткен соң ғана қолданысқа енгізіледі. Қазіргі уақытта заң әлі ресми түрде жарияланған жоқ.