Полиция жүргізушілерді жолда қырағы болуға шақырады
Қолайсыз ауа райына байланысты полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Негізгі мақсат – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тәртіп сақшылары уақытша енгізілген шектеулердің сақталуын бақылап, көлік тізбегіне жол бастап жүруде. Сондай-ақ жолда қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге көмек көрсетіп, қар құрсауында қалған көліктерді эвакуациялауға атсалысуда.
Бұдан бөлек, полиция қызметі коммуналдық мекемелермен бірлесіп, жол жамылғысын тазарту, қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету және күрделі метеорологиялық жағдайда қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстарын үйлестіруде.
Полиция жүргізушілерді барынша қырағы болуға, жылдамдық режимін сақтауға және ауа райы жағдайын ескеруге шақырады. Төтенше жағдай туындаған кезде дереу полицияға немесе жедел әрекет ету қызметіне хабарласу қажет.