KZ
Өскемен
-1°
снег жел 4 м/с, ОБ
499.65 582.89 6.47

«Қауіпті жүргізуші» іс-шарасы: автожолдарда бақылау күшейтілді

Бүгін, 14:00 0 Ержан Әбіш

Елімізде «Қауіпті жүргізуші» жедел алдын алу іс-шарасы жүріп жатыр. Бұл шара 7 желтоқсанға дейін жүргізіліп, жолдардағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жедел шараның басты мақсаты – жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау, құқық бұзушылықтың алдын алу және көлік жүргізушілерінің жауапкершілігін күшейту. Осы кезеңде республикалық, облыстық және аудандық жолдарда автопатрульдердің саны көбейтіліп, жол қозғалысына жоғары қауіп төндіретін бұзушылықтарға ерекше назар аударылуда.

Полиция қызметкерлері жүйелі түрде ереже бұзатын, жылдамдықты асыратын, маневр жасауда қауіп төндіретін жүргізушілермен қатар, заңсыз жолаушы тасымалдаумен айналысатын тұлғаларды анықтауға басымдық беруде. Сонымен қатар жол-патрульдік полиция көлік инспекциясы, мемлекеттік кірістер органдары және көлік прокуратурасы мамандарымен бірлесіп, мобильді топтар құрып, рейдтік жұмыстар жүргізіп келеді.

Мобильді топтардың негізгі міндеті – көлікті жалған немесе тіркелмеген мемлекеттік нөмірмен басқару, айыппұлдан жалтару, көлік құжаттарындағы сәйкессіздіктер сияқты құқық бұзушылықтарды анықтау. Осындай заңсыз әрекеттер жолдағы қауіпсіздікке тікелей әсер ететіндіктен, рейд барысында әрбір факті мұқият тексеріледі.

– Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізіліміне сәйкес, елімізде 4 000-нан астам жүргізуші жол ережесін 40 реттен көп бұзған. Мұндай жүргізушілерді анықтап, ұстап, олармен міндетті профилактикалық жұмыс жүргізу – біздің басымдығымыздың бірі. Сондай-ақ жалған немесе нөмірсіз көлік жүргізу, айыппұл төлеуден жалтару сияқты құқық бұзушылықтар бойынша бақылау күшейтілді, – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Ішкі істер органдары жүргізушілерді жолда аса сақ болуға, ережені қатаң сақтауға және өзге қатысушылардың өміріне қауіп төндірмеуге шақырады. Бұл шара – жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу