ШҚО-да полицейлер жолдан шығып кеткен жүк көлігінің жүргізушісіне жедел көмек көрсетті
Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасына тап болған жүк көлігінің жүргізушісіне көмек көрсетіп, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Оқиға 22 желтоқсан күні шамамен сағат 16:00-де Өскемен – Самар республикалық маңызы бар автожолының 112-шақырымында тіркелген. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Shacman маркалы жүк көлігінің жүргізушісі қауіпсіз жылдамдықты сақтамаған және күрделі ауа райы жағдайын ескермеген. Соның салдарынан көлік жолдың жиегіне шығып кетіп, аударылып қалған.
Жол-көлік оқиғасы туралы хабар түскен бойда патрульдік полиция экипажы оқиға орнына жедел жетті. Қызметкерлер ең алдымен апат болған аумақты қоршауға алып, өзге көліктердің қауіпсіз қозғалысын ұйымдастырды. Сонымен қатар, жолдың осы бөлігінде қосымша жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында реттеу шаралары қолға алынды.
Полицейлер жүк көлігінің жүргізушісіне қажетті көмек көрсетіп, оның жағдайын анықтады. Абырой болғанда, жүргізуші ауыр жарақат алмаған. Одан кейін қызметтік техниканың көмегімен жүк көлігін қар құрсауынан шығару және жолдан алып тастау жұмыстары жүргізілді.
Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде аталған жол учаскесіндегі қозғалыс толық қалпына келтіріліп, көлік ағыны қалыпты режимде қайта жанданды.
Полиция департаменті қыс мезгілінде жол жағдайының күрделене түсетінін еске сала отырып, жүргізушілерді жылдамдық режимін қатаң сақтауға, ауа райы мен жол жағдайын ескеруге, әсіресе қала сыртындағы және таулы аймақтардағы жолдарда барынша сақ болуға шақырады. Қауіпсіздік талаптарын сақтау – жол-көлік оқиғаларының алдын алудың басты кепілі екенін мамандар тағы бір мәрте ескертеді.