207 мыңнан астам азамат арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алды
Елімізде ел алдындағы айрықша еңбегі үшін немесе төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен азаматтарға қосымша әлеуметтік қолдау ретінде республикалық бюджеттен ай сайын арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. 2025 жылғы 31 желтоқсандағы мәліметке сәйкес, бұл жәрдемақыны алушылар саны 207,2 мың адамды құрап, оларға жалпы сомасы 26,7 млрд теңге төленген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы Қазақстанда 1999 жылдан бастап енгізіліп, халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі болып саналады.
Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы азаматтардың 17 санаты айқындалған. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен басқа мемлекеттердің аумағындағы әскери іс-қимылдарға қатысушылар, ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтар, соғыс жылдары қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері мен әскери қызметкерлердің отбасы мүшелері, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарының иегерлері, тыл еңбеккерлері, Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысқандар, саяси қуғын-сүргін құрбандары, мүгедектігі бар адамдар мен зейнеткерлер, сондай-ақ Қазақстан Республикасы алдындағы ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған азаматтар бар.
Жәрдемақы мөлшері алушының санатына қарай 2,13-тен 138,63 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін белгіленеді. Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы көлемі жыл сайын айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты республикалық бюджет туралы заңға сәйкес индекстеліп отырады.
Егер азамат бірнеше негіз бойынша АМЖ алуға құқылы болса, жәрдемақы тек бір санат бойынша, алушының таңдауы ескеріле отырып төленеді.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар да ҚР азаматтарымен тең дәрежеде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы. Жәрдемақыны тағайындау үшін өтінішті eGov.kz порталы арқылы немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарында беруге болады.