KZ
Өскемен
-1°
небольшой снег жел 3 м/с, ОБ
499.65 582.89 6.47

Елімізде сұранысқа ие дәрі-дәрмектердің бағасы 11 пайызға төмендеді 

10.11.2025, 13:00 29 Базарова Айгүл

Үкімет отырысында Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов халықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, биылғы 10 айда 219,7 миллиард теңгеге 3 миллионнан астам пациент тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Медициналық ұйымдарды үздіксіз жабдықтау мақсатында Бірыңғай дистрибьютор 21 миллиард теңгеге төмендетілмейтін дәрі-дәрмек қорын құрған. Бұл қор емханалар мен ауруханалардың 2–3 айлық қажеттілігін жабуға мүмкіндік береді және онкология, қант диабеті, қан ұюының бұзылуы, ағзалар мен тіндерді трансплантациялау сияқты маңызды бағыттарды қамтиды.

– Созылмалы аурулардың бір бөлігін ТМККК пакетінен МӘМС жүйесіне ауыстыруға қарамастан, барлық мемлекеттік кепілдіктер толық сақталады. Қаржыландыру көлемі өзгеріссіз қалады, тек көзі өзгереді. Қант диабеті, ревматоидты артрит, церебралды сал ауруы және өзге де созылмалы дерттері бар пациенттер қажетті препараттарды толық көлемде алуды жалғастырады, – деді Тимур Мұратов.

Соңғы бес жылда амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінетін қаржы 115 миллиардтан 262 миллиард теңгеге дейін өсіп, бір жарым есеге артқан. Қазақстан бүгінде жан басына шаққандағы шығысы 50 АҚШ долларынан асатын, халықты тегін дәрі-дәрмекпен кең көлемде қамтитын елдердің қатарында.

Президент тапсырмасына сәйкес баға белгілеу тетіктерін реформалау бағытында министрлік жүйелі жұмыс жүргізген. Нәтижесінде генерикалық дәрілердің бағасы түпнұсқа препараттарға қарағанда 30 пайызға төмендеді. Сондай-ақ референттік елдердің жаңартылған тізімі мен халықаралық деректер базасына қосылу арқасында 7,8 мыңнан астам дәрілік атаудың бағасы қайта қаралды.

– Нәтижелер қазірдің өзінде байқалуда: мониторинг қорытындысына сәйкес, 2025 жылдың қазан айында сұранысқа ие препараттардың бағасы орта есеппен 11 пайызға төмендеді, – деді вице-министр.

Бірыңғай дистрибьютордың сатып алу нәтижесінде 70,5 миллиард теңге үнемделіп, ол қаражат қосымша дәрі-дәрмек сатып алуға бағытталған.

Нарықты қорғау үшін дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесі енгізілген. Бұл дәрі айналымының ашықтығын арттырып, салық түсімдерінің 24 пайызға өсуіне ықпал етті.

Цифрландыру да басты бағыттардың бірі болып отыр. Медициналық ұйымдарда рецепттердің электронды нұсқасы енгізіліп, оларды рәсімдеу уақыты екі есеге қысқарған. Алдағы уақытта министрлік жасанды интеллектті дәрі-дәрмек қажеттілігін болжау және жалған рецепттерді анықтау үшін пайдалануды жоспарлап отыр. Бұл жүйені барынша ашық әрі тиімді етпек.

Қазіргі таңда Қазақстанда 20 476 дәрілік зат пен медициналық бұйым тіркелген, олардың 15 пайыздан астамы – отандық өнім. ДДҰ ұсынған өмірлік маңызды дәрілер тізімінде қазақстандық препараттардың үлесі 37 пайызды құрайды.

Ассортиментті кеңейту мақсатында Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде дәрілік заттарды тіркеу жүргізілуде. Бұл олардың санын 60 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. 300-ден астам дәрі – отандық өндіріс. Өтініш берушілер үшін сараптама жұмыстарының құны 90 пайызға төмендетілген, арнайы Call-орталық және сараптама порталы іске қосылған.

– Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасын бақылау мақсатында нарықтан және денсаулық сақтау ұйымдарынан іріктеп сатып алу тетігі енгізілді. Мұндай тәсіл контрафактілік өнімнің ішкі нарыққа түсуіне жол бермейді, – деді Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов.

Қазіргі таңда елде 10 мыңнан астам дәріхана бар, оның 2700-і ауылдық жерлерде орналасқан. Шалғай елді мекендерде 11 жылжымалы дәріхана пункті жұмыс істейді.

– Ауылдық жерлерде дәріханалардың қолжетімділігін арттыру мақсатында келесі жылы ауыл медициналық ұйымдарында дәріхана пункттерін ашуды жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде 2174 дәріхана тиісті дәріхана практикасы стандарттарына сәйкестігін растады, – деді Тимур Мұратов.

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов елдің фармацевтикалық нарығын дамытудың жаңа тәсілдеріне тоқталып, отандық дәрілердің санын арттыру міндетін еске салды.

– Мемлекет басшысы өз өндірісіміздегі дәрі-дәрмек түрлерін көбейту бойынша нақты тапсырма берді. Осы мақсатта препараттарды тіркеудің жеңілдетілген тетігі енгізілді. Соның арқасында жаңа дәріні тіркеу мерзімі 2-5 жылдан 100 жұмыс күніне дейін қысқарды. Бұл халықтың ең заманауи дәрілерге, емдеу әдістеріне және диагностикаға қолжетімділігін арттырады, – деді Үкімет басшысы.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр бөлшек сауда нарығында дәрі бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу жөнінде нақты тапсырма берді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу