Төрт айда 98 метр. Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы қалай болып жатыр?
Күршім ауданында Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы жүріп жатыр. Алайда қазір негізгі көпір емес, негізгі көпірді салуға қажетті уақытша көпірдің құрылысы жүргізілуде.
Күршім ауданы әкімдігінің мәліметінше, бүгінде 222 метр уақытша көпір салынған. Сондай-ақ, судағы жеріне диаметрі 1000 және 1450 см болатын арнайы темір тіреулер қағылып, үсті бетон конструкциямен жабылған.
- Негізгі көпірдің тіреулері де қағылып, бетон құйылуда. Бүгінде көпір құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Су ішінен жасанды аралдар жасалып, ауыр техниалардың жүруіне жолдар салынған, - деп хабарлайды аудан әкімдігі.
Көпір Бұқтырма су қоймасының ені ең тар учаскесі - Құйған ауылының тұсынан өтеді.
Қазір құрылыс аумағында вахталық әдіспен 105 адам жұмыс істеп жатыр. Жұмысшылар үшін өткен жылы 250 орынды жатақхана қалашығы салынған.
Ал жоспарланған 2 жолақты автомобиль көпірінің ұзындығы - 1316 метр, ені -12,2 метр.
Айта кетейік, аудан әкімі Дулат Қажанов 2021 жылдың 9 желтоқсан күні уақытша көпірдің судағы ұзындығы 124 метр деп хабарлаған болатын өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында. Одан бері 4 ай өтті. Уақытша көпірдің қазіргі ұзындығы - 222 метр.