KZ
Өскемен
-10°
туман жел 1 м/с, ОБ
502.27 597.15 6.57

ШҚО-да жаңа Салық кодексін түсіндіру жұмыстары жалғасуда

Фото: ШҚО Кәсіпкерлер палатасы

Кеше, 18:45 61 Даурен Аллабергенұлы

Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер бойынша түсіндіру жұмыстары тұрақты негізде жалғасуда. Кәсіпкерлерге жаңа талаптарға бейімделуге көмектесу және әкімшілік жүктемені азайту үшін «Бизнес және салық» атты арнайы ақпараттық-түсіндіру жобасы іске қосылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Кезекті кездесу арнайы салық режимдері (АСР) бойынша өтпелі ережелерге арналды. Бизнес-қоғамдастық алдында ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлмира Сабралимова жан-жақты түсіндірме жасады.

– Баршаңызға белгілі, бюрократиялық процестер оңтайландырылды. Атап айтқанда, салық есептілігінің бірқатар нысандары алынып тасталды, сондай-ақ салықтық әкімшілендіру рәсімдері едәуір жеңілдетілді, – деп атап өтті Гүлмира Сабралимова.

Оның айтуынша, бұрын есептілікті уақытында тапсырмаған жағдайда кәсіпкерге алдымен ФНО тапсырылмағаны туралы хабарлама жолданып, кейін шоттар бұғатталып, айыппұл санкциялары қолданылатын. Қазіргі таңда бұл тетік өзгертілді.

Егер есептілік белгіленген мерзімде ұсынылмаса, жүйе салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы нөлдік салық есептілігін автоматты түрде қалыптастырады. Бұл ретте айыппұл салынбайды, шоттар бұғатталмайды және хабарламалар жіберілмейді. Аталған жаңашылдық бизнес үшін ең оң өзгерістердің бірі болды.

– Жүйенің есептілікті автоматты түрде қалыптастыруы үшін кәсіпкер салық төлеушінің дерекқорында өз салық режиміне сәйкес тапсыруға міндетті салық есептілігі нысандарын алдын ала дұрыс таңдап қоюы қажет, – деп ескертті Гүлмира Сабралимова.

Сонымен қатар, жаңа тәртіпке сәйкес ФНО-ны кері қайтарып алу, есептілікті тапсыру мерзімін ұзарту және кейінге қалдыру мүмкіндіктері жойылғанын ескеру маңызды. Сондықтан барлық нысандарды дұрыс әрі уақытылы қалыптастырып, тапсыру қажет.

Кездесу барысында қызметі тоқтатылған кәсіпкерлер мәселесіне де ерекше назар аударылды. Гүлмира Сабралимованың айтуынша, бүгінде мұндай бизнес субъектілері аз емес, әрі олардың көпшілігі қызметі тоқтатылған жағдайда ешқандай әрекет жасаудың қажеті жоқ деп қате ойлайды.

Алайда, қызметі тоқтатылғанына қарамастан, кәсіпкерлер 1 наурызға дейін арнайы салық режиміне, оның ішінде оңайлатылған режимге көшу туралы өтініш беруге міндетті. Әйтпесе, жүйе оларды автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген салық режиміне ауыстырады, бұл қосымша салықтық міндеттемелерге әкеледі. Арнайы режимге өткеннен кейін кәсіпкер қызметін қайтадан тоқтата алады. Бұл ретте, егер тоқтатуды ұзарту уақтылы рәсімделсе, қызметтің тоқтатылуы өз күшінде сақталады.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Айжан Жәңгірханова мемлекеттік кірістер органдарының «Халықтық бухгалтер» акциясын өткізудің маңыздылығына тоқталды.

– Кәсіпкерлер кездесулердің практикалық форматын жоғары бағалайды. Салық органдарының мамандарынан тікелей түсіндірме алу қателіктердің алдын алып, жаңа Салық кодексінің нормаларына көшу кезеңінде өздерін сенімді сезінуге мүмкіндік береді, – деді ол.

Еске сала кетейік, «Халықтық бухгалтер» акциясы 30 маусымға дейін жалғасады. Аптасына үш рет кәсіпкерлер Өскемен қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына кеңес алу үшін жүгіне алады. Ал облыстың басқа қала-аудандарындағы салық төлеушілер 8-771-123-80-84 нөмірі арқылы бейнеқоңырау арқылы жауап ала алады.

Өңірдің Кәсіпкерлер палатасында «Бизнес және салықтар» жобасы жалғасын табатынын хабарлады. Жаңа Салық кодексін енгізу кезеңінде түсіндіру кездесулері бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы диалог үшін сұранысқа ие алаң болып қала береді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу