ШҚО-да оқушылар арасында тоғызқұмалақ турнирі өтіп жатыр
Қасым Қайсенов кентінде белгілі ғалым, түрколог Сәрсен Аманжоловтың есіміне арналған тоғызқұмалақ турнирі өтіп жатыр.
Жарыста тоқсанға жуық оқушы бақ сынайды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Абай облысымен қатар Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда сынды шалғай өңірлерден келген қатысушылар бар.
– Ойыншылардың жас ерекшеліктері ескерілді. Тоғыз жас, он бір жас және он үштен он бес жасқа дейінгі оқушылар үш санат бойынша сайысады. Бүгін көзге түскен өзіміздің оқушыларды одан әрі шыңдап, республикалық турнирлерге апару жоспарда бар. Бұл жарыстың негізі мақсаты да осы болмақ. Жалпы, жас ойыншылардың аяқалысы жаман емес, – дейді аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебі директорының оқу ісі бойынша орынбасары Назгүл Байгелдинова.
Шығыс өңірінің атынан сынға түсетін жасөспірімдердің арасында спорт шеберлігіне үміткер ойыншы да бар. Небары сегізінші сыныпта оқитын Еркін Ернар есімді оқушы жауықта ғана өткен ел чемпионатында қарсылас шақ келтірмепті.
– Тоғызқұмалақты төртінші сыныпта үйрене бастадым. Бұл ойында ойша есептеуге жүйрік болуың маңызды. Ізденіс пен машық керек. Мен ел чемпионатына 2019 жылы қатысып, үшінші орынды қанағат тұттым. Кейін көп жаттықтым. Араға үш жыл салып, топ жарудың сәті түсті, – дейді жас ойыншы.
Турнирдің белгілі түрколог есіміне арналуы тектен-тек емес. Тоғызқұмалақ ойыны туралы тұңғыш еңбектің авторы – дәл осы Ұлан топырағында дүниеге келген Сәрсен Аманжолов. Қазақ тіл білімінің негізін салған ғалымның ұлттық құндылықты ұлықтаған кітабы 1936 жылы жарыққа шыққан.
Ұлан ауданының әкімдігі келесі жылы, Сәрсен Аманжоловтың мерейтойына орай, тоғызқұмалақ турнирін республикалық деңгейде өткізуді жоспарлап отыр.