ШҚО мақсаттарға қол жеткізуде республикада көш бастады
Шығыс Қазақстан облысы индикаторларды алдын ала бағалау бойынша "Мақсаттарға қол жеткізу" блогында 75,73 балл жинап, елімізде осы көрсеткіш бойынша көшбасшы атанды.
Шынында да, облыс әкімінің міндетін атқарушы Алмасхан Сматлаевтың айтуынша, өңір бірқатар көрсеткіштер бойынша тұрақты және жақсы орында тұр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Олардың ішінде 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту – 100 пайызды құрайды. Ал 2 жастан 6 жасқа дейінгі аралықта 97,7 пайыз, ол бұған дейінгі жақын уақытта 92 пайыз болып тұрған.
Сонымен қатар Шығыс Қазақстан ана өлімінің көрсеткішін айтарлықтай төмендете алды. Мемлекеттік бағдарламалар табысты іске асырылуда. 185 маман "Дипломмен ауылға" бағдарламасы аясында жеңілдетілген шағын несиелерге қол жеткізді.
Бұған қоса, қазіргі таңда 40 тірек ауыл "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасына сәйкес жаңғыртылуда.