Өскеменнен Алматыға ұшуы тиіс ұшақ бір тәулікке кешікті
Фото: El.kz/Бауыржан Жуасбаев
Өскеменнен Алматыға кеше 30 мамыр күні сағат 13:15-те ұшуы тиіс болған КC7172 Өскемен – Алматы рейсі өндірістік себептерге байланысты бір тәулікке кешіктірілді.
FlyArystan әуе компаниясы таратқан дерекке сәйкес, рейс 31 мамырға Өскемен қаласының жергілікті уақыты бойынша сағат 10.00-ге шегерілген, деп хабарлайды Altaynews тілшісі El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Жолаушылар рейс кешіккен кезде алкогольсіз сусындар, сондай-ақ бес минуттан аспайтын екі телефон қоңырауын немесе екі электронды пошта хабарламасын сұрай алады. Төрт сағаттан артық кешіктірілгенде ыстық тамақ беріледі. Бес сағаттан артық кешіктірілгенде, бір рет тегін әуебилеттің уақытын өзгерту мүмкіндігі ұсынылады. Бес сағаттан артық кешіктірілгенде, егер қайта броньдау мүмкін болмаса, жолаушылар толық билет қайтарымын ала алады.
Ал күндізгі уақытта 8 сағаттан артық және түнде 6 сағаттан артық кідіріс болса, жолаушыларға қоныстануға, сондай-ақ қоныстану жеріне дейін және кері қарай трансфер қарастырылады.