Қазақстан тарихындағы алғашқы оқиға. Семейлік ұстаз әлемнің үздік 50 ұстазының қатарына енді
2021 жылдың 9 қыркүйегінде «Варке» қорының «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығы жер шарының үздік 50 ұстазының есімін атады.
Жаһандық сыйлық финалистерінің қатарына Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі Асхат Жұмабеков те еніп отыр. Бұл Қазақстан тарихындағы алғашқы оқиға. Енді ол халықаралық байқауда ел намысын қорғайтын жалғыз ұстаз болып саналады.
Global Teacher Prize 2021 сыйлығының үздік тізіміне енгендер әлемнің 121 мемлекетінен 8000 –нан астам номинация бойынша сынға түскендер арасынан іріктеліп алынған. 32 жасар әріптесіміз бұл мәртебеге жету үшін 2018 жылдан бері тынымсыз еңбек етіп келеді. Сол жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ қарасты 20 мектеп ұстаздарының арасында 1-ші орынды жеңіп алып, републикалық кезеңге өтіп ҚР БҒМ «Үздік педагог» атағына да ие болды. Ал 2019 жылы «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығының номинанты атанды.
- Мен «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығына қатысуды 2020 жылдың күзінде бастағанмын. Байқау бірнеше кезеңдерден тұрды. Әлемнің әр қиырынан мыңдаған өтініш қабылданды. Осыдан-ақ шараны ұйымдастырушылардың атқарған жұмыстарының аз болмағанын көруімізге болады. «Варке» қорына мені үздік 50 мұғалімнің қатарына қосқандары мен ұстаздарға дәл осындай мүмкіндік бергендері үшін алғысымды білдіргім келеді. Қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту қорының негізін қалаушы Әлия Нұрсұлтанқызы Назарбаеваға, қордың барлық қызметкерлеріне «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының бастамашысы болғандары үшін үлкен ризашылығымды білдіремін. Өйткені солардың арқасында отандық ұстаздарымыз Жаһандық сыйлыққа үміткер бола алады. Әсіресе соңғы 8 жылдан бері менің кәсіби маман болып қалыптасуыма, дамуыма үлес қосып келе жатқан мектебіме ерекше алғысымды айтқым келеді. Бүгінде Зияткерлік мектеп өз шәкірттерімен бірге ұстаздарының да бірге өсетіндігін дәлелдеді. Менің оқушыларым –менің қолдаушыларым. Маған сенім артып, кәсіби өсуіме мүмкіндік берген ҚР БҒМ, басқарма ұйымына, мектеп әкімшілігіне алғысым шексіз. Оларсыз жеңіске жету мүмкін емес. Туыстарым мен жақындарым, достарыма да рахмет айтқым келеді, - дейді Асхат Жұмабеков өз сөзінде.
Асхат Жұмабеков – «Болашақ» бағдарламасының 2016 жылғы түлегі. 3 кітаптың, 5 авторлық құқықтың 50 –ден астам ғылыми жұмыстар мен мақалалардың авторы. Еңбектері Қазақстан, Ресей, Финляндия, Ұлыбритания, Украина мемлекеттеріндегі журналдарында, жинақтарда, газеттерде жарық көрген. Шәкірттері «Туймаада», Жәутіков, Дарын, Оңтүстік Кореяда өткен «Молодой учёный» сынды республикалық, халықаралық олимпиадалардың,ғылыми жобалардың жүлдегерлері. Ол дәріс берген түлектердің арасында Назарбаев университеті,Гонконг политехникалық университеті, Абу-дабидегі Нью-Йорк университетінен бөлек АҚШ пен Ресей, Еуропаның танымал оқу орындарының грант иегерлері бар.
Мұғалімдердің жаһандық сыйлығы мамандыққа ерекше үлес қосқан ерекше бір мұғалімді тану және мұғалімдердің қоғамдағы маңызды рөлін көрсету үшін құрылды. Сыйлық өмірлерін өзгерткен жастардың ерлік істерін аша түседі.
«Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығы ұстаздардың маңызын арттыра отырып, олардың күш -жігерін бүкіл әлем мойындауға лайықты екенін көрсетуге арналған.
Сыйлық ең үздік мұғалімдердің оқушыларға ғана емес, сонымен бірге олардың айналасындағы қоғамға әсерін көрсетуге бағытталған. 1 млн АҚШ доллары шамасындағы сыйақы жыл сайын өз мамандығына ерекше үлес қосқан мұғалімге беріледі.