ШҚО мен Павлодар облысының аумағында қылмыстық топ ұсталды
ШҚО және Павлодар облыстарының аумағында ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан тағы бір ұйымдасқан топтың жолы кесілді, деп хабарлайды ҚР ҚМА баспасөз қызметі.
ҚР ҚМА ШҚО бойынша Экономикалық тергеу департаменті іс жүзінде жұмыстар орындамай, қызметтер көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпестен шот-фактура жазып берумен айналысқан, құрамында 5 адам бар ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық іс тергеуді аяқтады.
Тексеру барысында ұйымдасқан топтың басшылары 2018-2020 жылдар аралығында ШҚО және Павлодар облыстарының аумағында өздерінің таныстары мен туыстарының, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен жандар мен сотталғандардың атына 9 жалған кәсіпорын ашып, заңсыз қызметті жүзеге асырғаны анықталды.
Шындығында кәсіпорындар ұйымдасқан қылмыстық топ бақылауында болып, олар контрагенттерді салықты төлеуден босату мақсатымен жалған есеп-шоттарды жазып берумен айналысқан. Екібастұз, Павлодар және Өскемен қалаларында кәсіпорындардың тіркелу орындары мен фигуранттардың мекенжайларына тінту жүргізу барысында жалған кәсіпорындардың бухгалтерлік құжаттары, мөрлер, компьютерлер мен крипто кілттер, чек кітапшалары, 9 миллион теңге ақша қаражаты алынды.
Өскемен қаласы №2 сотының үкімімен ҰҚТ ұйымдастырушылары мен мүшелері ҚР ҚК 262 бабы 1-б. және 216 бабының, 3-б. бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды. Жалпы 2020 жылы департамент осындай қылмыспен айналысқан 4 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті.